11 қаң, 2017 сағат 08:46

Рахат Мамырбек. Балаларымыз да осындай полицейлермен өмір сүре ме, зинһар?

Үйге участковыйлар келіпті, жолдасым хабарласып, тіркеуді тексеріп жатқандарын айтты. Бірақ, телефонмен оларға Қасымовтың "участковыйларға есікті ашпай-ақ қойыңыздар, тексерудің басқа тәсілін табамыз" деген сөзін айтып, үйден шығуларын сұрадым. Аузына келгендерін айтып, үйден әрең шықты. Жеңдік деуге болатын еді, бірақ жеңілгендей, келешекте балаларымыз бәсекеде ұтылатындай құлазып қалдым. Оған себеп - полицияның кәсіби біліксіздігі.

Тұтқаны алған полицей әуелден-ақ "Ассалаумағалейкүм, аға" деп амандасты. Ислам мемлекеті емеспіз. Жәй ғана, "ресми амандассаңызшы, сосын мен сіздің ағаңыз емеспін" деген ем, "қазақпыз ғой, қазақсыз ба өзі?" деп қойып қалды. Жә, ары қарай тіпті қызық. Қасымовтың кешегі сөзін айтып, үйден шығуларын сұрадым, әлгі "қазағым" жарылмасы бар ма! "Жынымды келтіріп тұрсыз да сіз, әркім бүйте берсе, бізде не бедел қалады, менде де намыс бар, жігітсіз бе, еркекше сөйлесейік онда, еркексіз бе?" деп салды. Мәссаған! Қазақстан полициясының түрі! "Еркекпін" дедім, күліңкіреп әрине жынысым неге зор мағынаға ие болғанын түсіне алмай. "Еркекше сөйлесейік дегеніңіз артық, полициямен сөйлесудің жыныстық ерекшеліктері бар ма еді, сіз қызметте жүрген адамсыз, ал бедел көтергіңіз келсе, кәсіби біліктігіңізді күрт арттыруды қолға алыңыз, еркекше емес, азаматтармен полиция қызметкерінше сөйлесуді үйреніңіз" дедім де, "үйден шығу" туралы талабымды қайталадым. Қасындағы әйел "участковая" менің қызметімді сұрап білгеннен кейін, "журналистер неге осы пасық болады?" деген сөзін айқайлап айтып, түкірігін шашып зорға шықты. Бұларға не істеуге болады, а? Балаларымыз да осындай полицейлермен өмір сүре ме, зинһар?

Рахат Мамырбектің фэйсбуктағы парақшасынан