21 қар, 2023 сағат 12:10

«Qnet» қаржы пирамидасы: Қызылордада үш күдікті қамауға алынды

Фото:elements.envato

ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаменті «Qnet» қаржы пирамидасымен айналысқан 3 күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Қызылорда қаласының аумағында «Qnet» компаниясының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған азаматтар желілік маркетинг және электрондық коммерция деген желеумен Қызылорда қаласының 35 тұрғынынан 2019-2022 жылдың қаңтар айы аралығында 44 млн теңгеге жуық көлемде қаражат тартқан. 

"Тергеу барысында жәбірленушілердің компанияға 840 мыңнан 1 млн 200 мың теңге көлемінде қаржы салғаны анықталды.

Сот санкциясы негізінде үш күдікті қамауға алынды. 

Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.