Ресей үкіметі Вашингтон АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлау кампаниясы кезінде хакерлік шабуыл жасады деп айыптап отырған азаматтарды АҚШ-қа ешқашан бермейді. Бұл жөнінде Ресей президенті Владимир Путин америкалық NBC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
"Олардың Ресей мемлекеті, Ресей билігі атынан әрекет етпегенін білемін. Олардың нақты не істегенінен хабарым жоқ. Егер олар бірнәрсе істеген болса, америкалық әріптестеріміз бізге ол туралы материалдарын, мәліметтерін көрсетсін, біз оны зерттейміз", - деді Путин.
Владимир Путин Ресей хакерлерді экстрадициялай ма деген сұраққа "Ресей де АҚШ сияқты өз азаматтарын ешқашан экстрадицияламайтынын" айтты.
Ақпанның ортасында АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің килігуін тергеуді басқаратын арнайы прокурор Роберт Мюллер Ресейдің 13 азаматы мен үш компаниясына "АҚШ-қа қарсы астыртын сөз байласты" және "алаяқтық жасады" деп айыптаған. Айыптылар арасында бизнесмен Евгений Пригожинмен бірге «Интернет зерттеулері агенттігі» компаниясының 12 қызметкері бар.