Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
4 ақпанда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапидың Конституциядағы өзгерістерге қатысты талқылау жөнінде ұсынысын Мәжіліс спикері мақұлдап, күн тәртібіне енгізді. Сөйтіп, бір топ депутат елде жүріп жатқан конституциялық реформаларға қатысты ұстанымын ашық білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ермұрат Бапи сөзінде әлеуметтік желілерде тарап жатқан біржақты сын мен даулы пікірлерге тоқталып, жаңа Конституция жобасының мемлекет қауіпсіздігі, тәуелсіздік пен құқық үстемдігін сақтау мақсатында әзірленгенін айтты. Ол тіл мәселесін саясаттық текетірес құралына айналдыру қоғамның ішкі тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
«Ұлт мүддесін желеу етіп, бос айқайға басатын, одан қалды азаматтарымыздың отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ», - деген еді мемлекет басшысы. Бүгінгі әлеуметтік желілердегі дабыраға қиқу қосып, қоғамды қажетсіз толқуға шақырып жүрген жекелеген желікпе псевдо-патриоттардың қылығына ішің ашиды. Бір ғана «КТК» мұнай құбырындағы апат елді қандай қаржылық қауіпке тап қыларын бастан кешіре тұра, біз әлдекімге сес көрсетіндей қай артымызға сенеміз? «Сауда соғысы» /президент Трамптың пошлина шоқпарын еске алыңыз/ мен әлем картасын бөлістерге сала бастаған қатерлер қаулаған заманда, Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық бізді орыны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін. Әлдебіреулер тағы да фронт ашамыз деп бізге сес көрсетіп, сыртқы дүние теңселіп тұрған кезде, біз өз қолымызбен ішкі дүниемізді дүрбелеңге салуға қақымыз жоқ!», - деді депутат өз сөзінде.
Сондай-ақ, Е. Бапи 48-бапқа қатысты қауесеттердің негізсіз екенін, экс-президенттің отбасы мүшелерінің мемлекеттік қызметке келуіне ешқандай заң жол бермейтінін атап өтті.
«Ақ жол» фракциясының атынан сөйлеген Қазыбек Иса жаңа Конституция жобасында партия көтерген бастамалардың көпшілігі іске асқанын жеткізді. Оның айтуынша, құжатта Ұлы Дала, байырғы қазақ жері, аумақтық тұтастық пен мемлекеттің унитарлы сипаты айқын көрсетілген. Сонымен қатар, адам құқықтары басты құндылық ретінде белгіленіп, бірегей ұлт саясаты мен ұлттық заңдардың халықаралық келісімдерден үстемдігі бекітілген. Депутат жаңа Конституцияның ұлттық мүддені қорғауға және құқықтық егемендікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Сондай-ақ ол өз сөзінде қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай, тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналғанын жеткізді.
«Бүгінгі әлемде ол ішкі саясаттан шығып, геосаяси құрал мен ықпал болып тұр. Сондықтан, өкінішке орай тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ. Тіл мәселесінің байыптылығы тұрақтылықты сақтайтын механизм қызметін атқаруда.Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, Тәуелсіздікті сақтап қалу да сондай қиын дейді данышпандар. Сондықтан бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек», - деп айтты мәжілісмен.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жаңа Конституция жобасының тұтас 320 тармақтан тұратынын және оны дайындауға 130-дан астам қазақстандық сарапшы қатысқанын айтты. Оның пікірінше, құжат қазақ тілінде толықтай қайта жазылып, түсінікті әрі бірізді мәтінге айналған. Сонымен қатар Конституцияда білім, ғылым, инновация, цифрлық қауіпсіздік мәселелері, дін мен мемлекеттің аражігі және неке ұғымы нақты көрсетілген.
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Мақсат Толықбай Қазақстанда жаңадан құрылатын «Құрылтай» деп аталатын Парламент туралы да өз пікірін айта кетті.
«Мысалы, 10 миллион халқы бар Португалияда – 230 депутат, Швецияда – 349 депутат, ал небәрі 3 миллион тұрғыны бар Литвада – 140 депутат. Еуропада депутаттар санын шамамен әрбір 25 мың адамға бір парламентарий болуы керек деп есептейді. Сондықтан, Қазақстанның болашақ Құрылтайы Еуропалық стандарттармен салыстырғанда 5 есе аз ықшамдалған Парламент болады» - деді ол.
Ал депутат Бақытжан Базарбек қоғамда жерді шетелдіктерге сату туралы жалған ақпарат тарағанын айтып, жауап берді.Ол жаңа Конституцияда жерді сату мүмкіндігін беретін бірде-бір норма жоқ екенін, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге тыйым 24-баппен бекітілгенін еске салды.
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
«Айтқым келетіні – қазіргі Конституция жобасында жерді сатуға мүмкіндік беретін бірде-бір норма жоқ. Сондай-ақ, ол қандай да бір тыйымды алып тастамайды. Бұдан бөлек, Конституцияның қолданыстағы 6-бабы еш өзгеріссіз 8-бапқа негіз болған. Дәлел ретінде норманы оқып шығайын: «Жер және оның қазбалары, сулары, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңмен белгіленген негіздер мен шарттар шегінде жеке меншікке де берілуі мүмкін». Сондықтан «жердің сатылып кетуі» туралы айтылған әңгімелер – не заңдық сауатсыздық, не саналы түрде жасалған манипуляция», - деді Базарбек өз баяндамасында.
Сондай-ақ, ол «Жер аманаты» комиссиясының соңғы төрт жылдағы жұмысы арқылы мемлекетке 14 миллион гектардан астам жер қайтарылғанын жеткізді және азаматтарды заңға қарсы әрекет көрген жағдайда комиссияға хабарласуға шақырды. Депутаттар қоғамды эмоцияға емес, салмақты сарапқа сүйене отырып, елдің ұзақ мерзімді мүддесін ескеруге шақырды. Олар өз сөздерінде жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын да еске салды.
