16 ақп, 2023 сағат 09:46

Прокуратура «Jusan» тобын Қазақстанға қайтаруға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Радмир Фахрутдинов / Liter.kz

Прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратура баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Алматы қаласы Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғаған.

2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару деректерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізген.

"Талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Осы схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде «Jusan» тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған", - делінген хабарламада. 

Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндіргені айтылды. Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері - аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан "Жусан" тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету деректері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы "Назарбаев қорының" арызы келіп түскен.

"Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты - тек әділеттілікті қалпына келтіріп, Jusan тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару. Сонымен қатар, аталған талап арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады", - делінген хабарламада.