Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қатысушыларына жіті тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жарлыққа сәйкес, Кадрлық резерв үміткерлеріне тексеру жүргіземіз. Біз олардың адалдығын, құжаттарын жан-жақты қараймыз. Егер үміткер өзі туралы жалған ақпарат берсе, оны кез келген кезеңде іріктеуден шығара аламыз. Егер үміткерлер туралы нақты мәліметіңіз болса, бізге жіберуге болады. Біз мәселенің мән-жайын анықтаймыз және қажет болған жағдайда іріктеуден шығарамыз. Біз әділдік пен ашықтықты қолдаймыз», - деді ҚР Басқару академиясының ректоры, Президенттік кадр резервіне іріктеу комиссиясының мүшесі Ерлан Әбіл Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, іріктеудің келесі кезеңіне өткен қатысушылардың орташа жасы - 30 және одан жоғары. Олардың арасында шет елдерде, Қазақстанның үздік ЖОО-ларында білім алғандар бар.
«Іріктеудің келесі кезеңіне өткен 48 үміткер АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Сингапур секілді шет елдерде білім алған. Ал 198 үміткер - Қазақстанда да, шет елде де оқыған. Тек қана Қазақстанда білім алғандар саны - 286, оның 138-і еліміздің үздік ЖОО-ларын тәмамдаған. 19 үміткер Ресей Федерациясында білім алған. Сондықтан, оларды дайындықсыз болды, кездейсоқ жоғары ұпай жинады деп айтуға болмайды», - деді Ерлан Әбіл.
Айта кетейік, «Президенттің Жастар кадр резервіне» іріктеудің «Әлеуетті бағалау» кезеңіне 549 қатысушы өтті. Бұл кезең эссе жазу, жобаны таныстыру және құзыретті бағалау сынды 3 бөліктен тұрады.
«Әлеуетті бағалау» кезеңінен кейін сарапшылармен сұхбат өтеді. Оған алдыңғы кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жіберіледі. Одан кейін Президент Әкімшілігі құратын комиссия іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен табысты өткен әрбір үміткермен жеке әңгімелеседі. Соның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия ең жоғары балл жинаған кандидаттарды Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім қабылдайды.
Іріктеудің кейінгі кезеңдеріне жіберілетін кандидаттардың шекті саны белгіленген. Атап айтқанда, тестілеу верификациясына 1000 адам ғана жіберіледі. Келесі кезең - әлеуетті бағалауға - 600 адам, сараптамалық комиссияда сұхбаттасуға - 400 адам, соңғы Ұлттық комиссия отырысында - 330 адамның нәтижесі қаралады.