
Президенттің барлық тапсырмалары уақытылы әрі дәл орындалуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті бірқатар нақты міндет қойды. Экономикалық белсенділікті тез арада қалпына келтіру, инвестицияларды серпінді тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу - біздің жұмысымыздың басты басымдығы болуы тиіс. Қазақстандықтардың нақты табыстары мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған реформалардың жалғасы болып табылатын көптеген мәселелер қозғалды», - деді ол.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша арнаулы шаралар кешені әзірленгендігін айтты.
«Жауаптылар мен орындау мерзімдері анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын қосымша қаржылық қамтамасыз ету бюджетті нақтылау кезінде және үшжылдық бюджет жобасын дайындау барысында ескеріледі. Бұл ретте Қаржы министрлігі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп, қажетті құжаттардың уақытылы қабылдануын және барлық рәсімдерді жүргізуді қамтамасыз етуі керек. Бізді алдымызда маңызды мақсаттар мен нақты міндеттер тұр. Оларды іске асыру мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің үйлесімді және тиімді жұмысына байланысты. Президенттің барлық тапсырмалары уақытылы әлі дәл орындалуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.
