Фото: Ақорда
Қазақстан қазіргі кезеңде саяси жаңару мен қоғамдық дамудың жаңа сатысына қадам басып отыр. Елде жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік басқару жүйесін заман талаптарына сай қайта қарауға, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ әділетті және ашық қоғам құруға бағытталған. Бұл үдерістің негізгі өзегі – Конституциялық реформалар.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясы тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде мемлекеттің іргесін қалауда шешуші рөл атқарды. Алайда уақыт пен қоғам талаптарының өзгеруіне байланысты Ата заңға бірқатар түзетулер енгізілді. Соның ішінде 2022 жылғы жалпыұлттық референдум мен 2025–2026 жылдардағы реформалар елдің саяси жүйесін терең жаңғыртуға негіз қалап, Конституциялық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырды. Осы реформалар аясында қоғамда Қазақстанның басқару формасына қатысты, әсіресе «суперпрезиденттік жүйеге көшу» жөнінде түрлі пікірлер айтылып жүр. Осы орайда Ult.kz тілшісі депутаттардан осы туралы пікірлерін сұрап көрді.
Депутат Абзал Құспанның айтуынша, бұл модель француз Конституциясынан алынған. Яғни, Қазақстан президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып қала береді.
Фото: Парламент Мәжілісі
«Бұл суперпрезиденттік жүйе емес, оны кесімді түрде айта аламын. Президент лауазымды тұлғаларды Парламентпен келісе отырып тағайындайды. Тек екі мәрте бас тарту болған жағдайда ғана Парламентке қатысты белгілі бір мәселе туындайды. Бұл – қажетті әрі заңда көзделген механизм. Франция Конституциясымен салыстырсақ, дәл осындай өкілеттіктер Франция президентінде де бар. Негізгі мәселе – осы нормалардың қалай орындалатынында. Мен президенттік басқару нысанын бұрыннан қолдап келемін. Қазіргі жағдайда, керісінше, біз президенттің айналасына бірігуіміз керек. Өйткені айналамызда болып жатқан геосаяси ахуал бәріне белгілі», – деді Абзал Құспан.
Оның сөзінше, ТМД елдерінің барлығында дерлік президенттік басқару нысаны әрі бұл тарихи қажеттілік.
«Мұндай кезеңде демократиямен «ойнауға» болмайды. Ал парламенттік республика туралы айту тіпті мүмкін емес. Парламенттік басқаруды ұсынғанда, оның нақты механизмдері қандай болатынын сұрау қажет. Бұл – құлаққа жағымды, бірақ мазмұны жоқ ұран. Қазақстанның саяси, этностық, діни ала-құлалығын ескерсек, барлық шешімді Парламент қабылдайтын жағдайда елді қалай басқаруға болады?», – деді Абзал Құспан.
Сондай-ақ, депуатUlt.kz тілшісі «демократиямен «ойнауға» болмайды» дедіңіз, сонда біз қандай елміз?» деген сұрағына «демократиялы елміз» деп қысқа қайырды.
Ал депутат Ермұрат Бапи бұл Конституция жобасында президентке қатысты ешқандай жаңа өзгеріс енгізілмегенін, қолданыстағы Конституциядағы нормалар сол күйінде көшірілгенін атап өтті.
Фото: Ашық дереккөз
«Президенттің сайлану мерзімі – жеті жыл, бір рет. Бұл жоба бойынша да осы норма сақталады деп ойлаймын. Сондықтан Қазақстан суперпрезиденттік деңгейге ауысады деген уәж ақылға қонымсыз. Қазіргі әлемдегі тұрақсыз жағдайда билік бір орталыққа бағынған, монолитті болуы тиіс. Қазір шешім қабылдауды ұзақ талқылап, созбалаңға салатын уақыт жоқ. Шешім бір жерден, нақты әрі дер кезінде шығуы керек. Әйтпесе қатерлер мен тәуекелдерден кешігіп қалуымыз мүмкін», – деді Ермұрат Бапи.
Президенттің өкілеттігін кеңейтетін бірде-бір бап өзгермегенін айтқан депутат Мақсат Толықбай депутаттардың санына байланысты ойымен бөлісті.
Фото: Парламент Мәжілісі
«Президенттің өкілеттігін кеңейтетін бірде-бір бап өзгерген жоқ. Президент жеті жылға бір рет сайланады. Оның туыстары жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалмайды. Сонымен қатар Сенат таратылады, бір палаталы Парламент құрылады. 145 депутаттың саны көп деген пікір айтылып жүр. Алайда салыстырмалы түрде қарасақ, Еуропа елдерінде депутат саны әлдеқайда көп. Мысалы, Португалияда – 230 депутат, ал халқы 3 миллионға жетпейтін Литвада – 140 депутат бар. Ол елдерде әр 25 мың адамға бір депутаттан келеді. Осы өлшеммен есептесек, бізде 500–600 депутат болуы керек еді. Сондықтан мәселе депутат санында емес, сапасында. Осы тұрғыдан алғанда, 145 депутат логикаға сыяды деп ойлаймын», – деді Мақсат Толықбай.
Халық қалаулыларының сөзіне сенсек, жүргізіліп жатқан реформаларды Қазақстанның суперпрезиденттік модельге бет бұруы емес, тарихи және саяси ерекшеліктерді ескере отырып, басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған эволюциялық қадам ретінде бағалауға болады.
