Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа құжат зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған және бірнеше маңызды жаңалықты қамтиды.
Заңдағы негізгі өзгерістер:
▪️ Көру қабілеті бұзылған азаматтарға жеңілдіктер
Оларға жарияланған шығармаларды автордың рұқсатынсыз және сыйақы төлемей-ақ орындауға, таратуға және көпшілікке қолжетімді етуге мүмкіндік беріледі.
▪️ Тауар белгілерін жылдам тіркеу
Қазіргі 7 айлық тіркеу мерзімі ақылы жеделдетілген тетік арқылы 4 айға дейін қысқарады. Бұл кәсіпкерлерге өнімдерін нарыққа тезірек шығаруға жол ашады.
▪️ Шағымдану мерзімі ұзарады
Тауар белгісін тіркеуге қатысты шағым жасайтын уақыт 1 айдан 2 айға дейін ұлғаяды.
▪️ Авторлық құқықты қорғау күшейеді
Авторлар мен құқық иелерінің шағымдары негізінде әділет органдары авторлық және сабақтас құқық нысандарын пайдалануды жоспардан тыс тексере алады.
▪️ Бірыңғай цифрлық платформа құрылады
Ұжымдық құқықтық басқару саласында жаңа электронды жүйе енгізіледі.
Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланатын болады.
