Фото: Ақорда
Мемлекет басшысына биылғы жеті айдағы сот жүйесінің жұмысы жөнінде Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев баяндады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, азаматтық істерде дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану 24%-ға өсіп, 76 мыңға жеткен. Бұл қатарға медиация, татуластыру және бітімге келу рәсімдері кіреді.
Азаматтардың құқығын қорғау аясында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың актісі (57%) заңсыз деп танылды.
Қылмыстық іс жүргізуде де оң өзгерістер бар: тергеу соттарының қамауға алудан бас тарту үлесі 23%-дан 37%-ға дейін өсті. Ақталған азаматтар саны 59-дан 88-ге көбейді.
Сонымен бірге, 1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмысын бастады. Бір ай ішінде оған 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігінің сапасын арттыру және халықтың сот жүйесіне сенімін нығайту бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
