13 қаз, 2023 сағат 12:14

Президент тіл жанашыры қырынан танылды - Рауан Кенжехан

Фото: Akorda.kz

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжехан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Президентке «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі жағдайы және жоспарлары жайлы баяндағанын Фейсбуктағы парақшасында жазды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Тілді тиісті биігіне шығару үшін бізге нақты шаруа, сала-сала бойынша нәтиже беретін тұрақты жобалар қажеттігін айттым. Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамы аясында дайындалған осы бағыттағы ұсыныстармен танысып, қолдау білдірді, өз ойларын айтты. 

Жалпы тілдік ахуал, тілдің дамуына қатысты көп мәселе сөз болды. Президент тіл жанашыры қырынан танылды. Балалардың тілі қазақша шықпай, шықса да дұрыс шықпай жатқандығын, қазаққа тән төл дыбыстау жүйесі, тіл тазалығы бұзылып жатқандығын мысал келтіре отырып алға тартты. Латынға көшерде мұны да ескеру қажеттігін айтып, латынға көшуге қатысты пікірімді сұрады. Кейбір дыбысқа таңба таңдауға қатысты өз ойын айтты. Қалам алып, латын әріптермен біраз сөз жазып көрсетті" - деп жазды Кенжехан.

Оның сөзінше, Президент - тіл мәселесіне терең бойлаған, қазақ тілінің өркен жайып, кең қолданыс табуына шын ықыласты тіл жанашыры. 

"Мемлекет басшысы мына бағыттарда нақты да, нәтижелі жұмыс қажет деп тапсырды:  

Біріншіден, «Қазақ тілі» қоғамын тілді дамыту мұратына тиімді қызмет ететін, қаржылай қауқарлы, ұйымдастырушылық әлеуеті зор, ірі де іргелі қоғамдық ұйымға айналдыру қажет. Ол үшін мемлекет, бизнес, қоғам және жеке тіл жанашырлары күш біріктіріп, жаңаша жұмыс істеуіміз керек. Соның бір тетігі – “QAZAQ TILI” эндаумент қоры.            

Екіншіден, баланың тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға және маман болып қалыптасуына, еркін дамуына қажет мазмұн қоры керек. Атап айтсақ, әлемнің анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат, классикалық және танымдық кино қоры жасалып, ұдайы жаңартылуы тиіс. Баспа ісі бағытында балалар әдебиеті, іскерлік әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиет, академиялық оқулықтар бағыттары бойынша ауқымды және тұрақты жұмыс қажет.  

Үшіншіден, білім беру жүйесіндегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі және құралдарын жетілдіру керек. Қазақ мектебінің түлегі қазақша еркін сөз саптап, сауатты да, көркем жазуды меңгеріп шығуы тиіс. Орыс тілді мектептің түлегі қазақша еркін сөйлесіп, ойын жеткізуге шамасы жетуі шарт. Ол үшін мектеп аясында «Оқу сауаты» және «Жазу мәдениеті» жобаларын іске асырамыз. Диктант, мазмұндама, шығарма жазу, сөйлем талдау бойынша ұлттық байқаулар мен жарыстар өткіземіз.                              

Төртіншіден, қазіргі IT технологияларды қазақ тілінің қызметіне қоя білуіміз қажет. Бұл бағытта ғаламдық алпауыттардың кең қолданыстағы платформаларын қазақшалау және өз мамандарымыздың қазақша мәтін тану, дыбыс тану, қазақша сөйлеу мен жазуға, жалпы қазақша жұмыс істеуге көмектесетін жүйелерін дамытуға жағдай жасау міндеті тұр" - дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы.

Сондай-ақ ол ана тілімізді дамытуға арнайы уақыт, ерекше көңіл бөліп, зор ықылас танытқан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына барша тіл жанашырлары атынан ризашылық білдірді.