05 қыр, 2019 сағат 07:17

Президент тапсырмасы: Елордалық компаниялар консалтингтік шығындарын 40 пайызға азайтты

Елордалық компаниялар консалтингтік шығындарын 40 пайызға азайтты. Бұл туралы Еnergyprom.kz порталы хабарлады.

ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджет есебінен төленетін консалтингтік және имидждік шығындарды қысқарту туралы тапсырмасы іске аса бастады. Осы орайда Еnergyprom.kz порталы елдегі бас компаниялардың шығынына талдау жасап көрген.

Елдегі компаниялар кеңес беру және басқару қызметіне 6 айдың ішінде 123,6 млрд теңге жұмсаған. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 26,2 пайызға төмен. Қызмет көрсету шығындарының 90,8 пайызы үш өңірге тиесілі. Атырау облысы бұл мақсатқа 8,2 млрд теңге, Алматы қаласы 35,1 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласы 68,9 млрд теңге жұмсаған. Елорданың бұл бағыттағы шығынын жалпы шығынның 55,7 пайызына тең. Дегенмен, былтыр астаналық компаниялар консалтингке бұдан 41 пайыз көп қаржы шығындаған.

«Сектордағы қызметтердің жиынтық көлемінен индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік саясатын іске асыруға байланысты бас компаниялардың қызметі небәрі 1,4 пайызды құрайды. Алконцессиялық жобалар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына кеңес алу шығыны 0,8 пайызға тең.

Шығынның көбі коммерциялық қызмет пен басқару мәселелері бойынша кеңес алуға кеткен. Ақшаға шаққанда бұл  72,2 млрд теңге», - деп жазады Еnergyprom.kz.