05 мам, 2021 сағат 12:52

Президент тапсырмасы: Білім беруге ұлттық спорт түрлерінен міндетті компоненттер енгізілді


ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында берген тапсырмаларының бірі толық орындалғанын жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жария еткен «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», - деп атап өткен болатын. 

Ал Президент баспасөз хатшысы дене шынықтыру пен бұқаралық спортты дамыту жөнінде 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданғанын жазды. 

Берік Уәлидің мәліметінше, елімізде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 5,9 млн адамға жетті, оның 560 908-і – балалар мен жасөспірімдер. 127 703 спорт секциясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған 477 спорт мектебі, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің 686 дене шынықтыру клубы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары мен дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің желісі кеңейтілді. Білім берудің барлық деңгейінде дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті комоненттер енгізілді. Әрбір ауылдық округ үшін спорт жөніндегі 3 мың нұсқаушы белгіленді.