Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдап, өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысымен танысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Әкімнің мәліметінше, жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31%-ға өсіп, 360 млрд теңгеге жеткен. Өнеркәсіпте 680 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Қалада жаңа индустриялық аймақтар іске қосылып, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асты.
Шымкентте инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда: жаңа әуежай терминалы салынды, теміржол вокзалы жаңғыртылды, 12 мектеп пен Оқушылар сарайы, спорт нысандары ашылды. Сондай-ақ, Оңтүстік айналма жолы мен екі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Мемлекет меншігіне Мұз сарайы, су спорты кешені, №2 қалалық емхана және бірнеше әлеуметтік нысан қайтарылды.
Президент қала экономикасын әртараптандыруды, қосымша инвестиция тартуды, шағын бизнесті қолдауды, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеуді, білім беру мен тұрғын үй мәселесін шешуді, жол инфрақұрылымын жаңғыртуды тапсырды.
