05 қаң, 2021 сағат 13:05

Президент мақаласынан ойға түйген нәрсе көп - Нұртөре Жүсіп

Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан ойға түйген нәрсе көп. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы елім, жұртым деген жұрттың көңілінен шықты деп ойлаймын. Жаңа жылдық құттықтауында Мемлекет басшысы «елімізді аспен де, таспен де қорғаймыз», - деген болатын. 

Қазақ Қазақтың атамекенінде отыр! Біз ешкімнен жерді сыйға алған жоқпыз! Дәлел жеткілікті.

«Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Батыл байлам! Ұққан адамға – Аталы сөз!», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор тарихымызды дұрыстап алу – мемлекеттік мәселе екенін жеткізді.

«Біздің осы уақытқа дейін бір олқы тұсымыз – Қазақстан тарихын тұтас қамтып жаза алмағанымыз. Президент осы мәселені де тап басып айтыпты.

«Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет. Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы», - деп жазады Президент. 

Осы ретте өте білікті жас тарихшыларды әлемнің әр шалғайына аттандырып, арнайы Қазақ тарихын зерттеу мен зерделеу ісіне көңіл бөлу керек. Әсіресе, ағылшын, араб, қытай, үнді, парсы және Еуропа елдерінің тілін жақсы білетін жастардан мақсатты топ құрып, шетел архивтерін үңгіп зерттеу керек.

Тарихымызды дұрыстап алу – мемлекеттік мәселе. Ұлттық сана тарихы сананы жаңғыртудан бастау алады. Осыны ескеру керек!», - деді Нұртөре Жүсіп.

Оның пікірінше, тарихи фильмдер түсіру арқылы ұлттың жадын жаңғыртуға жол ашылады. 

«Ұлтымыз талай «тар жол, тайғақ кешуден« өтті. Қазақтың көрмеген қиындығы, тартпаған тақсыреті жоқ. Мемлекет басшысы қырғыздың «Құрманжан датқа» фильмі туралы текке айтып отырмаған болар. Президент Елдік пен мемлекеттілікті санаға сіңіру үшін бізге тарихи фильмдердің қажет екендігін айтты. Тарихи тақырыпқа арнап түсірілген алты-жеті-ақ фильм қай жыртыққа жамау болады? Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігі міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағытталатын болады. Бұл – өте жақсы ұсыныс!

Тіл – Тәуелсіздік тұғыры! Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің бір атрибуты! Осыны ескерген Президент барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады. «Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді», - деді Президент.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Былайша алсақ, аз уақыт емес. Өзіміздің әлсіз тұстарымызды өзіміз білеміз. Тезірек олқының орнын толтырмақ керек. Тәуелсіздік – ұлттың бағы! Қазақ үшін бәрінен қымбат ұғым! Президенттің мақаласында Елдік мұрат анық айқындалған. Назар аударатын, мән беретін мемлекеттік мәселелер баршылық», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор мақаладан ойға түйген нәрсе көп екенін жеткізді.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы «Тәуелсіздікті жыл санап, ай санап, апта санап, күн санап, сағат санап шегелей беру керек», - деген еді бір сұхбатында.

Бізге тегеурінді іс керек. Талап керек. Тағат керек. Мақаладан ойға түйген нәрсе көп. 

Есті азаматтар елдіктің жолында елдің арбасын алға қарай бірге тартады деп есептеймін», - деді ол.