Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
1996 жылы Президент Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып бекітілген. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Жуырда өткен Ассамблеяның ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — егемендік тарихындағы айтулы оқиға екенін айтты.
Биыл 20,3 миллион қазақстандық бұл мейрамды татулық пен достықтың белгісі ретінде атап өтеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстан халқының жалпы саны – 20 316 155 адам. Бір шаңырақ астында түрлі ұлт пен этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр:
Қазақтар – 14 456 709
Орыстар – 2 963 938
Өзбектер – 678 487
Украиндар – 371 807
Ұйғырлар – 305 648
Немістер – 223 272
Татарлар – 218 926
Әзірбайжандар – 155 364
Кәрістер – 120 686
Түріктер – 91 732
Дүнгендер– 86 067
Беларустар – 74 389
Тәжіктер – 58 712
Күрдтер – 51 171
Қырғыздар – 40 200
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, баршаға бақ-береке тіледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтауы:
Құрметті отандастар!
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын!
Бұл – мемлекетіміз үшін айрықша мәні бар мейрам. Жұртымыз ортақ құндылықтарға негізделген жасампаз мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін жұмылдырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді.
Кең байтақ жерімізде түрлі этнос өкілдері өзара келісімде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды.
Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді.
Халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулeстігінің арқасында мемлекетіміз дамып, қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асырыла береді.
Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі.
Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз.
Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз.
Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Бірлігіміз бекем, аспанымыз ашық болсын!
