13 там, 2020 сағат 11:45

Президент ғылым саласын дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауы барысында ғылым саласын дамыту үшін бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарынан 500 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтеді, - дeп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Сондай-ақ, Қазақстандағы ғылымды дамыту үшін тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек екенін баса айтты. Президенттің айтуынша, ол үшін халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу керек.

Президент жолдауында: "Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, "Жас ғалым" жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін мың грант бөлуді тапсырамын", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстанда ғылым саласын қаржыландыру негізінен ірі кәсіпорындардың, әсіресе, шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал мемлекет басшысы қазір қолданыстағы норма талаптары сақталмай отырғанын айтты. Себебі ірі кәсіпорындардың, компания табысының бір пайызын ғылым мен технологияны дамытуға бөлінуі қажет.

Президент көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кететінін айтты. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды тапсырды. Мемлекет басшысы тапсырмасынан кейін компания табысының бір пайызы  бюджет арқылы жалпы ұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінетін болады.

Сонымен қатар президент жолдау барысында ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлық танытса деген ұсынысын айтты.

Тоқаевтың айтуынша,  елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамытатын арнаулы бағдарлама қажет. Оның басты міндеті – ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы премьер-министр Асқар Маминге Қазақстандағы жоғары оқу орындарының дипломын бизнеске айналдыру мәселесін шешуді жеке басшылығына алуды тапсырды.

"Өткен жылы дипломды басып шығаратын жоғары оқу орындарын жабу туралы тапсырма бердім. Білім беру саласын бизнеске айналдырған кейбір ықпалды тұлғалардың қарсылығы кесірінен жұмыс қиын жүріп жатыр. ", – деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, бұл мәселе тез арада бір шешімін табуы қажет.

Айта кетейік, жақында Қазақстанда бірқатар жоғары оқу орнының лицензиясын тоқтатылды. Бұл істі Білім және ғылым министрлігі атқарып жатыр. Себебі ол оқу оырндарын қайта тексеру кезінде тәртіп бұзушылықтар анықталған.

Тәртіп бұзушылық анықталған оқу орындары ішінде "Алматы" университеті, "Қайнар" академиясы, Алматының экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті мен "Silkway" халықаралық универститеті бар.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, "Алматы" университеті, Алматының экономика және статистика академиясы мен Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің лицензиясы тәртіп бұзушылықтар жойылғанша тоқтатылады. Бұл шешімді білім мен ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті шешім қабылдады.

Сонымен қатар Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз аймақтық университетінің "Құқық" (бакалавриат) бағыты бойынша лицензиясы күшін жойды.

Министрліктің хабарлауынша, "Қайнар" академиясы мен "Silkway" халықаралық универститетіне қатысты мәліметтер сотқа жіберілді. Себебі бұл екі оқу орны білім мен ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің терсеріс нәтижесіне шағым түсірген. Оқу орындарына қатысты шешім сот процесі аяқталған соң қабылданады.

Айта кетейік, білім беретін оқу орындарының лицензиясының күші жойылса, университет 2020-2021 оқу жылына талапкерлерді қабылдай алмайды.