04 нау, 2021 сағат 18:10

Президент ЭЫҰ-ға мүше-мемлекеттерін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына қосылуға шақырды

Қазақстан Президенті Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне аталмыш ұйымға мүше-мемлекеттерді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына (IOFS) қосылуға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Бұл өңір үшін тағы бір маңызды басымдық – азық-түлік қауіпсіздігі. Президент Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық ұйымының ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық бастамаларын қолдайтынын айтып, мүше-мемлекеттерді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына (IOFS) қосылуға шақырды. Аталған ұйымның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. 

– Біз дистрибьюторлық және логистикалық көтерме орталықтарының ұлттық желісін құру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Азық-түлік қауіпсіздігі мен оның қол жетімділігі – ортақ проблема. Сондықтан тиімді логистика құру үшін күш жұмылдырудың маңызы зор деп санаймыз. Қазақстан мен Өзбекстан шекарада Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне қатысты.