20 қар, 2025 сағат 16:14

Президент Ерлан Қариннен парламенттік реформа бойынша аралық есеп алды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қаринді қабылдап, атқарылып жатқан жұмыстардың аралық нәтижелерімен танысты деп хабарлайды Ult.kz.

Ерлан Қариннің айтуынша, e-Otinish платформасы мен Egov сервисінде «Парламенттік реформа» бөлімі іске қосылғалы бері бір ай ішінде азаматтар мен қоғам белсенділерінен 300-ге жуық ұсыныс келіп түскен.

Сонымен қатар алты саяси партия — «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы және ЖСДП — өз ұсыныстарын жолдаған. Онда бір палаталы парламент моделі, парламенттік партиялардың өкілеттігі және заң шығару тетіктеріне қатысты ұсыныстар қамтылған.

Жұмыс тобы сараптамалық материалдар дайындап, барлық ұсынысты талдау және жүйелеу процесін бастап кетті. Екінші отырыс 2 желтоқсанда өтеді. Онда ұсыныстар бағыттар бойынша жан-жақты қарастырылмақ.

Президент алдағы парламенттік реформаның елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі болатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бастаманы мұқият саралап, олардың негізінде парламенттік жүйені жаңғыртуға арналған нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.