26 қаң, 2021 сағат 10:10

Президент экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттік құруды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанынан Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Өткен жылы «көлеңкелі» экономика саласында ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты істердің рекордты саны қозғалды. 73 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылып, қаржыны қолма қол ақшаға айналдыру көлемі азайды. Бұл қадамдар - осы жұмыстың тек басы ғана.

Жалған кәсіпорындар мен қасақана салық төлемейтіндермен жұмысты жүйелі түрде күшейту қажет. Оңтайлы қарқынды сақтау үшін аталған бөлімшенің мәртебесін көтеріп, барынша қысқа мерзімде ҚР Президенті жанындағы Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құру керек. Бұл өз кезегінде шешімдердің дербестігін арттырып, мүдделер қақтығысын жояды", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

Abishev Analytics Telegram-каналы "Президент жанынан" деген сөз Агенттік парламентке де, Қауіпсіздік кеңесіне де бағынбайтынын білдіруі мүмкін деп жазды.

Бұдан бөлек, Президент Үкіметке 1 қыркүйекке дейін мемлекет шекарасында заңсыз тауар айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.