25 шілде күні Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Ақберен Елгезекпен кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстанның Жазушылар одағының жаңа шығармашылық жобалары мен қазіргі мәселелері талқыланды.
Қазақстанның жазушылар одағы — еліміздің әдебиетші қауымын біріктіретін республикалық қоғамдық бірлестік формасындағы шығармашылық ұйым.
Айта кетсек, 1925 жылдың 12 шілдесінде құрамына Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин кірген Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясын (ҚазАПП) құру жөнінде бюро жасақталған болатын. Оның төрағасы болып Сәкен Сейфуллин сайланды.
1932 жылы Қазақстанның Кеңестік жазушылар одағы ұйымдастырылды. Оның алғашқы құрылтайы 1934 жылы 12-18 маусым аралығында өтіп, онда Қазақстан жазушылар одағының Төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланған еді. Содан бері Одақтың басшылары болып келесі қаламгерлер сайланған:
Ілияс Жансүгіров (1932-1935ж.ж), Ғаббас Тоғжанов (1935-1936 ж.ж), Сәбит Мұқанов (1936-1937, 1943-1951 ж.ж), Мұхамеджан Қаратаев (1937-1938 ж.ж), Дихан Әбілев (1938-1939 ж. ж), Әбділдә Тәжібаев (1939-1943 ж.ж), Ғабиден Мұстафин (1953-1956, 1962-1964 ж.ж), Ғабит Мүсірепов (1956-1962, 1964-1966 ж,ж), Әди Шәріпов (1966-1971 ж.ж), Әнуар Әлімжанов (1971-1979 ж.ж) , Жұбан Молдағалиев (1979-1983 ж.ж), Олжас Сүлейменов (1983-1991 ж.ж), Қалдарбек Найманбаев (1991-1996 ж.ж), Нұрлан Оразалин (1996-2018 жыл), Ұлықбек Есдәулет (2018 жылдан қазіргі күнге дейін).
Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағының 806 мүшесі бар. Оның 400-і Алматы қаласында, 186-сы Астана қаласында, қалғандары облыстарда тұрады.
Қазақстан Жазушыларының ұлттық құрамы қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, күрд, кәріс, шешен, белорус, татар, неміс қаламгерлерінен тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының республикамыздың 14 облысында филиалдары жұмыс істейді.
Қазақстан Жазушылар одағының жанында 17 жанрлық кеңес пен комиссиялары бар.
Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайшылығымен «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» журналдары жарық көреді.