15 там, 2022 сағат 03:02

Поляр шеңберінде жолыққан қыз


Қиыр Солтүстікте – Мурманск қаласында әскери борышымды өтеп жүрген кезім болатын. Бөлімге жуықта ғана келгенмін. Семей қаласынан бір топ жігітті арнайы жолаушылар поезына салып аттандырғанда, күн мен түн бірдей, бірде жарық, бірде қараңғы еді. Мұнда келген бетте қараңғы түнге сүңгідік. Сөйтсек, полярлық түннен бір-ақ шығыппыз ғой. Мұндайды бұрын кім көрген? Түні де - түн, күні де - түн. Жарық күнді аңсап қиналдық. Алғашқы дайындықтан өтіп жүргенімде, денемнің әр жеріне сыздауықтар торсиып шыққаны. Тегі, ауа-райының ауысқандығынан болар. Киім тиіп кетсе, жан шыдатпай ауырады. Амалсыз бөлімдегі шағын емханаға бардым. Емхана екі-үш бөлме ғана. Бір дәрігер әйел және екі медбике жұмыс істейтін көрінеді. Нағыз қазақтың ортасында өскен басым әлгілерге не үшін келгенімді және жарам жайында әрең түсіндірдім. Дәрігер қасында отырған шашы қоңырлау, соншалық сүйкімді, қол-аяғы балғадай, ақ халат киген әдемі қызға мені қарап шық деп меңзеді. Қыз орта бойлы, менімен деңгейлес, жасы да маған қарайлас. Қасыма келіп, үстімдегі формамды, майкамды шештіріп, арқамның бірнеше тұсынан шыққан сыздауықты алдымен абайлап майлап, хирургиялық пышақпен тіліп-тіліп жібергені. Жаныма батқандықтан, жан даусым шықты. Оған қарап жатқан қыз жоқ, аққан арам қандарды сүртіп алып, қолымен жарамды сығып, тас қылып байлап тастады. Өзі «ничего, ничего» деп қояды. Сәлден соң қайдан келгенімді сұрады. Қазақстаннан екенімді айттым. «Значит, ты казах», – деді ол күбірлеп. Сөйтіп, біраз күн емханаға үзбей келіп жүрдім. Бірде атымды сұрады.

– Бейсенғазы, – дедім қысылып-қымтырылып.

– Если я сокращенно тебя Бейсеном назову, ты не обидишься? – деді қыз маған. Мен басымды изедім. Өзін Наташа деп таныстырды. Ұлты чуваш екен, оны да айтты. Сөйтіп, екеуіміз бір-бірімізге жақындасып, біраз күннен кейін достасып та үлгердік. Кейде екеуіміз қатар отырып жай ғана әңгімелесетін едік. Менің кейбір түсіндіре алмағанымды ол ептеп түсініп, «орысша осылай айтқың келіп отыр ғой» дейтін. Мен «да» деп қоямын. Өзі сүйкімді, сұлу, сымбатты қызға көңілімнің ауғанын біраз уақыттан соң түсіндім. Күнде келіп тұрғым келеді. Сыздауықтар жазылып кеткен. Дәрігер мен екінші медбике көңілімді түсінеді-ау деймін, мен қысылыңқырап кіргенде, аулақтап кетіп, өз жұмыстарымен әуре болып жатады. Наташа назданып келіп, қолымнан жетектеп, қуықтай басқа бөлмеге кіргізетін. Менің шашым қара, көздерім дөңгелек, қастарым қалың, қыр мұрынды, бетім ақшыл түсті, әдемілеу жігітпін. Ауылда жүргенде де біраз қыздар қырындап жүретін.

Сонымен не керек, Наташа екеуміз бір-бірімізді іштей түсініп, ұнатып қалғандай болдық. Мен кейде әскери дайындықтан үлгере алмай немесе бірнеше күн жолықпай қалсам, кешке таман өзі келіп, старшинадан мені сұрап алып, біраз уақытқа ертіп кететін. Жаңағы кішігірім бөлмеге алып келіп, столға үйінен әкелген тағамдарды қойып, қатар отырып жейтін едік. Кейде еркінсіп, шаштарымның арасына саусақтарын тығып салалап, мені еркелетіп қоятын.
          Бірде «Мен батырдың қарындасымын» дегені. «Ол кім?» дегендей аңырайып қалыппын. Наташа күлді де: «Василий Иванович  Чапаев біздің халықтың ұлттық батыры ғой, – деді. «Ол орыс емес пе?» деппін. «Ол – чуваш батыры, біз оны мақтан тұтамыз», – деді Наташа. «Солай ма?» дедім. Ол басын изеді. «Біздің Мурманскіге көшіп келгенімізге бірнеше жыл болды. Әкем – инженер, кемеде жұмыс істейді. Шешем – мұғалім. Менен басқа балалары жоқ».

Тағы бірде: «Сен түркі халқына жатасың ғой. Біз де түркі елі болып саналамыз», – дегені. Ауылдың баласы мен оны қайдан білейін. Мен тек қазақ екенімді білемін, әйтеуір. Тегі, әкесі білімді адам болар, қызына бәрін түсіндіріп, үйретіп, құлағына құйып қойған екен.

Біз көбіне қаладан гөрі айлақтың жағасына келіп, жағадағы түрлі кемелерді және әскери суасты кемелерін тамашалайтынбыз. Бір жылдың ішінде екеуіміз де бір-бірімізді ұнатып, өте жақындасып кеттік. Наташа мені бірнеше күн көрмесе тұра алмайтын. Ротаға жүгіріп келетін. Әскери медпунктте істейді әрі аға сержант атағы бар болатын. Қарапайым солдат қалжыңдай алмайтын. Біздің ротаның бастығы капитан Васильев пен старшина Ковалев аға сержант екеуіміздің жақындығымызды біледі. Сондықтан Наташа (шын аты Наталья) келіп, мені сұраса, қыдыруға бір-екі сағатқа, әсіресе, кешкі астан соң жібере салатын. Наташа өте ашық әрі шынайы сөйлейтін. Өжет еді. Кейде бушлатымның ішіне екі қолын тығып жіберіп, бір сәт құшақтап тұрып алатын.

Бірде демалыс күні мені үйіне ертіп келді. Әке-шешесімен таныстырды. Ата-анасы биязы кісілер екен.

Әскерде жүргеніме біржарым жыл толғанда, соқырішек болып, госпитальға түстім. Наташа күніне бір рет арнайы келеді. Кейде ыстық тамақ, тоқаштар әкеліп, тумбочкама салып кететін. Ара-тұра ойлаймын: «Наташа – қаланың қызы әрі басқа ұлттың өкілі. Мен болсам тек қазақтар тұратын ауылданмын. Қалай үйге алып барамын?» деп. Ауылда көпбалалы отбасында өскен боздақпын ғой, қазақилығым тағы бар, өте қысыламын. Бірақ шынымен сүйіп қалдым.

«Осы қалада қал, әкеммен бірге жұмыс істейсің, жалақыларың өте жоғары болады»,- дейді ол үнемі. Кейде: «Мені өзіңмен бірге ала кет, журналистикаға түсемін дейсің ғой. Алматыда тұрамыз. Сендер жақ қатты ыстық емес пе?» – деуші еді күліп. Мен Сахарадай ыстық емес деймін. Госпитальдан шыққан соң, әбден жазылып кеткенше жаттығуларға жарамайды деп, мені салынып жатқан көпқабатты үйлердің біріне кілтші етіп қойды. Бір подъезде қаншама пәтер болса, соншама кілтті қолыма ұстап жүремін. Мурманск ол кезде құрылыс жағынан Кеңестер Одағы бойынша бірінші орынды алатын. Пәтер иелері отбасыларымен күндіз келіп, ордерлерін көрсетіп, дайын болып қалған пәтерлерін аштырып, дастарқан жайып, мені де қонаққа шақырып, рахатқа бататын еді. Қайтсін, баспаналы болу, қай ұлт үшін де қуаныш қой. Наташа: «Сен қаласаң, біз де осындай пәтер алатын боламыз», – деп үгіттеп қоятын. Сүйтетін де бетімнен, ернімнен сүйіп-сүйіп алатын. Ондайда төбем көктен асып кететін еді.

Күндіз сылақшы әйелдер пәтер қабырғаларына тұсқағаз жапсырмастан бұрын, ең бірінші газеттерді буда-будасымен әкеп, қабырғаларға жапсыратын. Ол әбден кеуіп қалған соң, оның үстіне түрлі-түсті қағазды жапсыратын еді.

Бірде таңертең келіп, түнгі күзетшіден кілттерді алып, пәтерлердің ашық қалмағандығын тексеріп жүргенмін. Бір пәтерден (қабырғаларға жапсыру үшін Мурманск облыстық «На страже Заполярье» газетін пайдаланатын) қабырғаға жапсырылған бір газетте (төбеге жақын жапсырылыпты) әдемі азиялық қыздың суретін көрдім, ол туралы үлкен материал жазған екен. Бұл кім екен деп сылақшы әйелдердің кішігірім сатысын әкеп, қабырғаға тіреп қойдым да, жоғары көтеріліп, материалды толықтай оқып шықтым. Сөйтсем, Қазақстаннан шыққан әнші қыз Болгариядағы конкурста «Золотой Орфейді» жеңіп алыпты. Өзі Семейдің Жарма ауданынан болып шықты. Мен қайран қалып, біраз отырдым әрі қатты қуандым. Қайта бір оқып шықтым. Мен өзім Үржар ауданынанмын, ол болса Жарма ауданынан. Екеуі де – көрші жатқан аудан.

Елім есіме түсті, көзіме жас келіп қалғанын байқамаппын. Сатыда отырып, біраз жылап алғаным әлі есімде. Терезеге қарасам, полярлық түн. «Күні бар, түні бар қайран Қазақстаным-ай», – дедім ішімнен. Мен сөйтіп алғаш рет қазіргі атақты әнші Роза Рымбаевамен осылайша сырттай танысқан едім.

Елге қайтатын уақыт та таянды. Екі жылғы әскери өмір, ыстық-суық, темірдей тәртіп мені де біраз ширатып, шынықтырып еді. Менің ендігі уайымым – «Наташаны қалай елге апарам, отбасым, ауылдастарым не дейді?» деген мәселе. Журналист болсам деген мақсатым тағы бар. Наташа қал деп әлек. Менің елге кеткім келеді. Онда бірге алып кет дейді. «Әмірбектің баласы орыстың бір қызын алып келіпті» дейді ғой ел шулап, сонда қайтпекпін.

Бір күні Наташамен ашық сөйлесуге тура келді. Мен елге барып, үй-ішіммен келісіп келейін дедім. Байқұс қыз ботадай боздап қоя берді.

– Сен өтірік айтып тұрсың, қайтып келмейсің, – деді. «Мен сені соншалықты сүйетінімді осы уақытқа дейін түсінбей келдің бе?- деді ізінше жұбанып. Айқайлап маған ұрсып алды. – Мен қайтып келіп, сені алып кетемін ғой. Алматыда тұратын боламыз» деймін міңгірлеп. Бір кезде шапалақпен бетімнен салып қалғаны. Аңдаусыз тұрған мен теңселіп кеттім. Ол мені құшақтай алып, тағы жылады. «Талай орыстың жігіті артымнан жүгіріп еді, мен ешкімге қайырылмап едім-ау. Егер мені тастайтын болсаң, мен өлемін», – деді булығып. Наташаны құшақтап, шамам келгенше жұбатып әлекпін. Ол бушлатымның ішіне қолын тығып алып, жылап тұрды. «Әйтеуір, сені ешқашан тастамаймын», – деп әзер жұбаттым. Өзім де кереметтей сүйетін едім, қиғым келмейді.

– Наташа, ертең кездесейікші, - деп әрең шығарып салдым.

Айналайын-ай, салы суға кеткендей әрең басып кетіп бара жатты. Ертеңінде қызбен қайта кездестім. Ол мені құшақтап, бетімнен сүйді де: «Бейсен, мен саған бір нәрсе айтайын. Әке-шешем рұқсат берді және капитан Васильевтен де рұқсат алдым. Сені енді еліңе кеткенше біздің үйде тұратын боласың», - деді. Елге кетуге де бір жарым ай қалған. Ішімнен ойладым: «Енді махаббаттан бұрын, ерлі-зайыпты болып тұратын болдық-ау». Сенер-сенбесімді білмедім. «Рота командирі рұқсат берген болса, жарайды», - дедім.

Кешке жақын ол мені үйіне ертіп келді. Бөгде елдің заңы басқаша ма, бізге арнайы бір бөлмесін дайындап қойыпты. Сөйтіп, екеуіміз бір бөлмеде тұрып жаттық. Таңертең ерте кетеміз, кешке қайтып келеміз. Мен елге қайтардың алдында, бір күні түнде Наташа мені құшақтап алып: «Бейсен, менің аяғым ауырлап қалды, сен еліңе барып, Алматыдағы оқуыңа түскенше, бір балаң осы жақта болуы мүмкін. Мен осының барлығын сен қайтып келсін деп, мені тастап кетпесінші деп әдейі ұйымдастырдым. Сондықтан сен маған ренжіме. Егер ұл тусам, атын кім деп қояйын?» - деп сұрады. Мен сасқанымнан «Ерлік деп қоя сал», - деппін. Ол «Ерлик» деп күбірледі. «Қыз болса, өзім атаймын», - деді.

Елге қайтатын тағы да уақыт келіп, Мурманскіден Алматыға ұшып кеттім. Елге оралып, одан Алматыға оқуға түсіп (журналистика факультетіне), Наташа біраз уақыт ұмыт болды. Бір күні одан хат келді. Хатта өзінің босанғанын, ұл бала туғанын, атын мен айтқандай Ерлік деп қойғанын, қазір үйде екенін жазыпты. «Уақытың болса, келіп кет», - деп қосыпты.

Студентте сонау Мурманскіге барып келуге қайдан ақша болсын әрі бірінші курстамын, сабақтан қолым босамайды. Тек Наташаны құттықтап хат жазып жібердім. «Кейінірек барып қайтамын», – дедім. Бірақ сонау бір қиырдағы Мурманскіге қайтып жолым түспеді. Біраз уақытқа дейін хат алысып тұрдық. Реті келіп, осындағы қазақтың бір қызына үйлендім. Балалы-шағалы болдық.

Дегенмен сонау алыста қалған, өзімді сүйген ер Чапайдың қарындасын және ұлымды бір көріп келуді үнемі аңсап жүремін. Менің білуімше, Наташа қайта тұрмысқа шықпаған. Ал менен қалған ұл қазір үлкен азамат болып, оқу бітіріп, жұмыс істеп жүрген шығар.

Міне, мені заполярлық қыздың соншалықты сүйгені, бір баланы өмірге әкелгені, жүрегімді сыздатқан талай жылғы жара есте қалсын, ұмытылмасын деп әңгіме етіп жаздым.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі