04 нау, 2019 сағат 12:44

Полторанин Қазақстанның консулдарымен байланыста болудан бас тартқан

Австрияда допинг қолданды деген күдікпен ұсталған қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин консулдармен байланыста болудан бас тартқан. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әзірге, Полторанин байланысқа шығудан бас тартуда. Біздегі ақпаратқа сүйенсек, ол консулмен кездеспеген. Алдағы күндері жағдай нақтыланады деген ойдамыз. Тиісті сауалдар түскен жағдайда, қажетті көмек көрсетіледі», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Сонымен қатар, Қазақстан тарапы әділ спорт ұстанымын негізге алатынын атап өтті. «Допингпен күрес, спортшылармен ашық диалог  секілді ұстанымға әрқашан да мән беріп келеміз. Біз таза спортқа, сондай-ақ біздің барлық спортшылар үшін бірдей жағдай жасауға екпін қоюдамыз. Қазақстан ЮНЕСКО-ның тиісті конвенциясына қосылды және барлық стандарттар пысықталуда», - деді Е. Ашықбаев.

Айта кетсек, Австрияның Зеефельд қаласында шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында допинг дауы шықты.

27 ақпан күні Австрия полициясы допинг қолданды деген күдікпен бес спортшыны ұстаған болатын. Олардың арасында қазақстандық спортшы Алексей Полторанин мен Эстония, Австрияның спортшылары бар.

Эстониялық спортшылар Карел Таммъярв мен Андреас Веерпалу, сондай-ақ Қазақстан өкілі Алексей Полторанин Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясынан шеттетілді. Ал Австрияның Ұлттық допингке қарсы агенттігі Доминик Балдауф пен Макс Хаукені спорттан шеттетті. 

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шаңғышымен қазақстандық заңгерлер жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген болатын.