
«Шымкент-Нұрлы жол» бағытындағы жолаушылар пойызының 41 жастағы жолаушысы 1 млн 900 мың теңге қаражаты салынған сөмкесін жоғалтып алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы жылдың 3 ақпанында Ерболат Әмірханов есімді Қарағанды қаласының тұрғыны Нұрлы Жол теміржол вокзалындағы Желілік полиция бөлімшесіне келіп, ірі көлемдегі ақшасы салынған сөмкесін жоғалтып алғандығын, оны іздеуге көмек сұрап, өтініш білдірді.
Оның айтуынша, Қарағанды станциясында пойыздан түскен соң, такси тоқтатқан. Көлікте отырған кезде ғана ақша салынған сөмкесінің жоқ екенін байқаған. Вокзалға қайта айналып келген кезде өзі түскен пойыз бұл уақытта жүріп кеткен.
«Бұдан соң, таксимен пойыздың артынан Нұр-Сұлтан қаласына келдім.
Іле-шала Нұрлы жол теміржол вокзалындағы желілік полиция бөлімшесінің полицейлерінен ақшамды тауып беру жөнінде көмек сұрадым», - дейді Ерболат.
Өтініш түсе салысымен темір жол вокзалының патрульдік полиция тобының полиция сержанты Берік Аққалиев жедел іздестіру іс-шарасына кіріседі. «Өтініш иесі жоғалған сөмкеде үлкен көлемдегі ақшасының бар екендігін айтып, қатты алаңдап тұрғанын жеткізді. Егер сөмке жолаушылар пойызында қалған болса, оны өзімен бірге алып кететін адамдардың болуы да ықимал ғой», - дейді полиция сержанты.
Берік ең алдымен, сөмке иесі отырған вагон жолсерігімен, басқа да жолаушылармен жедел түрде байланыс жасайды. Жедел әрекет пен үйлесімді жүргізілген шаралардың нәтижесінде 1 900 000 теңге қаражат салынған сөмке табылып, иесіне табысталды.
Сөмкесі қолына тиген Е. Әмірханов көлік полицейлерінің қырағылықтары мен кәсіби шеберліктеріне қайран қалып, олардың өз қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін жүрекжарды алғысын білдірді.
Көлік полицейлері боса, еліміздің әуе және темір жол нысандарында адамдардың көп шоғырланатындығын тағы да еске салып, жолаушыларға бағалы, құнды заттары мен ақша қаражаттарына барынша мұқият болуға шақырады.
