04 қар, 2020 сағат 16:20

Полицейді капотында сүйреген жүргізуші ұсталып, қылмыстық іс қозғалды

Қызылорда облысында полиция қызметкерін көлігімен сүйреген жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 3 қарашада Қызылорда қаласында болды. Сол күні WhatsApp әлеуметтік желісінде ақ түсті «Lada Granta» көлігінің жүргізушісі полиция қызметкеріне қарсылық көрсеткен видео тарады. Онда жүргізуші көлігінің капотында полицейді бірнеше метр жерге сүйрегені көрінеді. 

Анықталғандай, қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны инспекторы 36 жастағы тұрғын тізгіндеген автокөлікті жол белгісі ережесін сақтамағаны үшін тоқтатқан. Құжаттарды тексеру барысында жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбаған. Ол оқиға орнынан өз көлігімен қашып кетуге тырысқан. Оны тоқтатуға тырысқан полицейді көлік капотында 5-8 метр жерге сүйреген. 

«Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабы 1-бөлігі бойынша жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сондай-ақ, аталған дерек бойынша көлік жүргізушісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 1-бөлігімен (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызылорда облысының Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы аталған дерек бойынша қызметтік тергеу бастады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.