23 сәу, 2021 сағат 07:10

Қылмыстық топ жалған фирмалар арқылы 3,9 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған

Алматыда 3,9 млрд теңгені қолма-қол ақшаға аударған қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агентігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2017-2019 жылдар аралығында оған қомақты соманы қолма-қол ақшаға аударған қылмыстық топты анықтады. Олар өздеріне бағынышты 7 компания арқылы 3,9 млрд теңгені қолма-қол ақшаға аударған. 

Іс фигуранттары 6 адам, оның ішінде бұрынғы қаржы полициясының қызметкері мен бір банктің бөлімшесінің басшысы бар. 

«Сот үкімімен айыпталушылар Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі, 216-бабының 3-бөлігі (нақты жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды жөнелтпей шот-фактуралар жазып беру бойынша әрекеттер жасау) бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру түріндегі әртүрлі жаза мерзіміне сотталды. Қылмыстық топ мүшелерінің мүлігі мемлекет кірісіне алынды», делінген хабарламада. 

2020 жылы аталмыш департамент Қылмыстық кодекстің 2016-бабы бойынша 85 қылмыстық іс қозғады, соның ішінде жалған фирмалардың банк шоттарынан қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру саласындағы қылмыстық топты құру және оған басшылық етудің 3 фактісі анықталды.