14 мау, 2021 сағат 21:41

Петропавлда 17 жастағы қызды зорлады деген күдікпен бес жігіт ұсталды


Петропавлдағы демалыс базаларының бірінде бес жігіт 17 жастағы қызды зорлады деп күдікке ілінді. Оның үшеуі қамалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 маусым күні полицияға «Березовая роща» демалыс базасының аумағында қызының зорланғанын айтып Петропавл тұрғыны арызданды. 

Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне «Зорлау» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» баптары бойынша енгізілді. 

17 жастағы қызға қатысты қылмыс жасады деген күдікпен демалыс базасының аумағында демалған Петропавл қаласының 17 мен 20 жас аралығындағы бес тұрғыны ұсталды. 

Үшеуі уақытша изоляторға қамалды, қалған екеуіне қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау туралы мәселе тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша шешіледі. 

Қазір сотқа дейінгі тергеу аясында сот сараптамалары тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр.