18 нау, 2026 сағат 12:07

Шымкенттегі жұмыс «тұзаққа» айналды: зорлау дерегі бойынша іс қозғалды

Фото: freepik.com

Шымкентте әлеуметтік желі арқылы жұмыс іздеп барған 18 жастағы студент зорлық-зомбылық құрбаны болды. Уәде етілген жұмыс оны интим қызмет көрсетуге мәжбүрлеумен аяқталған, деп хабарлайды Ult.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, қала тұрғындарының бірі оған қатысты зорлық әрекет жасаған. Қыздың туыстары күдіктілер әлі жауапқа тартылмағанын айтады.

Оқиға былтыр жазда болған. Жас бойжеткен әлеуметтік желідегі хабарландыруға жауап беріп, ғимаратқа барған. Алайда онда «боди-массаж» қызметі көрсетілетіні белгілі болып, қыз сыртқа шыға алмай қалған және күштеп ұсталуы салдарынан келісуге мәжбүр болған.

«Мені ішке күштеп кіргізді. Сыртқа шықпақ болғанымда, есіктің алдында күзетшілер тұрды. Жылап, айқайлағаныма қарамастан жібермеді. Тек массаж жасасам болды деп уәде берді», – дейді жәбірленуші.

Қыздың арызына қарамастан ғимарат монша ретінде жұмысын жалғастырып жатыр. Жәбірленушінің ата-анасы құзырлы органдардың ешқандай шара қолданбағанына наразылық білдіріп, істің тез қаралуын талап етуде.

Шымкент Полиция департаментінің хабарлауынша, зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта істің мән-жайын анықтауға кешенді тергеу шаралары жүргізілуде.