Фото: baq.kz
Әлеуметтік желілерде Талдықорғанда 13 жастағы мектеп оқушысы Telegram-да танысқаннан кейін зорлық құрбанына айналғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға өткен жылдың жазында Талдықорғанда болған. Сол кезде қыз құрбысының кеңесімен танысуға арналған Telegram-ботқа тіркелген. Сол жерде ол өзін 15 жаста деп таныстырған ер адаммен танысады. Ұзақ уақыт хат алмасқаннан кейін ол интимдік видеолар сұрап, әр минуты үшін 2500–3000 теңге төлеуді ұсынған. Қыз бастапқыда келіспеген, алайда құрбысының үгітінен кейін келісім берген.
Кейін «жігіт» жеке кездесуді ұсынады. Қыздар көрсетілген мекенжайға барған кезде оларды ересек ер адам қарсы алған. Қыздардың біреуімен оңаша қалған сәтте, ол оған қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған. Оқиғадан кейін ер адам қыздарға ақша беріп, чипсы, шырын және тәттілер алып беріп, үйлеріне қайтарған.
Осыдан кейін жәбірленушіге өзін күдіктінің әйелі ретінде таныстырған әйел қоңырау шалып, хат алмасуды өшіруді талап еткен. Қорыққан қыз хаттарды өшіргенімен, ер адам жазуын жалғастырып, келесі күні екінші кездесу болған. Бұл кездесуде де ер адам оған қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасап, шамамен 10 мың теңге берген.
Екінші кездесуден кейін қыз ол ер адамды бұғаттап, басқа жігітпен романтикалық қарым-қатынас бастаған. Алайда құрбысы кенеттен оның өткенін жариялаймын деп бопсалай бастаған. Қорыққан мектеп оқушысы барлығын жігітіне айтып берген, алайда ол қызды жақындыққа мәжбүрлеп, кейін ажырасқан соң бұл туралы оның анасына жеткізген. Анасы полицияға арызданған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жақындарының айтуынша, жәбірленуші зорлық жасағандарды ақтау мақсатында өз жауабын өзгерткен.
Полиция департаментінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін берілген. Күдікті қамауда отыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
