19 нау, 2026 сағат 10:49

Қызылордада жалған ауру парағын пайдаланған шенеунік пен дәрігер сотталды

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкері мен дәрігер жалған еңбекке жарамсыздық парағын пайдаланғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Облыстық прокуратура жүргізген тексеру барысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты Сырдария аудандық басқармасының бөлім басшысы қылмыстық құқық бұзушылыққа барғаны анықталған.

Белгілі болғандай, аталған қызметкер әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамаққа алынған. Алайда ол жұмыста болмағанын жасыру үшін басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын тапсырған.

Тергеу кезінде бұл құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны анықталды.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде сотқа дейінгі тергеу басталып, іс сотқа жолданған. Сот үкімімен дәрігер Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Ал бөлім басшысы ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі бойынша жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.