Фото: polisia.kz
Ақтөбе қаласында ірі көлемдегі ұрлық дерегі тіркелді. Полиция 15 миллион теңгеге жуық шығын келтірген қылмысты ашып, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға 5 наурызға қараған түні қаладағы дүкендердің бірінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, белгісіз азамат сауда нысанының кіреберіс есігінің әйнегін балғамен сындырып, ішке заңсыз кірген. Кейін дүкеннен 18 ұялы телефонды алып кеткен.
Кәсіпкердің бағалауынша, келтірілген материалдық шығын шамамен 15 миллион теңгені құраған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, көп ұзамай қолға түсірген. Ол қала көшелерінің бірінде ұрланған телефондарды сатпақ болған кезде ұсталған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу барысында барлық ұрланған телефондар тәркіленген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
