Петропавлдағы төбесі опырылған мәдениет үйін жөндеуге 108 млн теңге керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин төбесі құлаған мәдениет үйіне қатысты түсінік берді.
«24 ақпан күні қалалық мәдениет үйінің көрермендер залында төбенің ішкі жағы опырылып түсті. Ескі тіреуіштер шыдас бермеген. Салдарынан 500 шаршы метр аумақ зақымдалды. Нысан жабық тұр, ғимаратта күзетшіден басқа ешкім жоқ.
Былтыр маусым айында төбені ұстап тұрған бес тіреуіш майысып, мәдениет үйін толық жабуға тура келді. Ол кезде де балалар болған жоқ, ешкім зардап шекпеді. Тиісті сараптама жүргізілді. Жылдың соңында осы нысанға қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ғимаратты жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына 108 млн теңге қажет. Қазір жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланды. Наурыз айында қорытындысы шығарылады», - деді қала әкімінің орынбасары.
Мәдениет үйінде әртістерден басқа 501 бала түрлі үйірмелерге қатысып келген. Үйірмелер басқа мемлекеттік мекемелерге уақытша орналастырылды. Кей кәсіпкерлермен жалға алу бойынша келісімдер жасалды.