21 сәу, 2022 сағат 11:37

Павлодарда мектептегі өрт аумағы 5 есеге ұлғайды

Фото: instagram.com/tipavlo.dar

Павлодарда мектептегі өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, білім беру мекемесі ғимаратының шатырындағы өрт аймағы ұлғайған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Шатырдағы жану алаңы алдын ала мәлімет бойынша - 1200 шаршы метр. Өрт тарап кеткен, жанғыш жүк, түтін және өрттің кеш анықталуына байланысты сөндіру кезінде жағдай қиындады. Өздері сөндіруге тырысқан болса керек. Барлық күш пен құрал жұмылдырылды, жеке құрам тартылды. Оқиға орнында 13 техника мен 70 адам жұмыс істеп жатыр", - деді Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Өрттің шығу себептері, зияны анықталып жатыр.

Сондай-ақ, ведомство өрттен 47 жастағы мұғалім зардап шеккенін растады. Куәгерлердің айтуынша, өрт мектеп бөлмелерінің бірінде шығып, кейін шатырға жайылған.

Еске салайық, өрт 21 сәуірде таңертең шыққан. Торайғыров көшесінде орналасқан төрт қабатты №28 мектеп жанып жатыр.