01 жел, 2022 сағат 19:56

Павлодар облысының экс-әкімі Екібастұз тұрғындарынан кешірім сұрады


Бүгін Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылған Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласының тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті жерлестер! Мен үшін сіздерге қызмет ету аса зор құрмет болды. Мәселелерді шешуді басты басымдық ете отырып, барлығын әрқашан да шынайы және адал орындадым. Жылдар бойы жиналған мәселелердің біраз бөлігі шешілді, қалғандарын шешуге уақыт көбірек қажет болды. Екібастұздағы төтенше жағдай дәл сол – ұзақ уақыт бойы жиналып келген және тез шешілмейтін проблема.⠀

Дегенмен, қадірлі Екібастұз тұрғындары, қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігімнің де бар екенін білемін және сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын! Осы күндері менің барлық ойым мен уайымым сіздер туралы болды және солай болып қала береді. Сіздерге қайраттылық, ал мамандар мен әріптестеріме мәселенің жедел шешілуін тілеймін», - деп жазды Сқақов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен босатты. Оның орнына уақытша Олег Крук тағайындалды.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты. Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығы тарапынан немқұрайдылық пен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Бүгін таңертең берілген мәліметке сәйкес, 17 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу желісіне әлі қосылған жоқ. Онымен қоса, 58 тұрғын үй судан ажыратылған.