29 қар, 2022 сағат 10:35

Екібастұзда 25 көппәтерлі, 90 жер үй жылусыз отыр - Ысқақов


Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов Үкімет отырысында Екібастұз қаласындағы ахуалды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«27 қараша күні Екібастұз жылу-электр орталығының №11 қазандығы апатты түрде тоқтатылды. Кейін жылумен жабдықтау желілеріндегі қысымның төмендеуіне байланысты тағы да 3 қазандық тоқтатылды. Себебі желі ішіндегі су нормадан үш есе артық кетіп тұрды. Салдарынан жылу-электр орталығы 52,37-ге төмендетілген параметрлермен жұмыс істеді. Норма бойныша 87,56 болу керек. Сол уақыттан бастап жедел штаб құрылып, барлық қажетті ресурстар тартылды, жалпы төтенше жағдай жарияланды», - деді әкім.

Сондай-ақ, ол оқиғаның қалай өрбігенін хронолгия бойынша мәлім етті.

«27 қараша күнгі сағат 21.00-дегі жағдай бойынша, 149 көппәтерлі түрғын үй және 15 әлеуметтік нысан жылусыз болған. Қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері бойынша 15 елеулі зақымның 14-і жойылды. Нәтижесінде желі ішінде ыстық судың кетуі 3,2 есеге дейін төмендеді.

28 қараша күні таңға қарай қабылданған шаралар 132 көппәтрелі тұрғын үй мен 12 әлеуметтік нысанды жылуға қосуға мүмкіндік берді. Осылайша сол уақытқа қарай 17 кәппәтерлі тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылусыз қалып тұрды. Стансадағы температура – 87,59. 10 қазандықтың алтауы жұмыс істеп тұр. Қажетті жұмыстарды жүргізуге 25 бригада және 37 техника тартылды», - деді Әбілқайыр Ысқақов.

Соған қарамастан, 29 қараша күні таңға қарай тағы да 25 көппәтерлі және 90 жекеменшік үйдегі ішкі жылу жүйесінде проблемалар пайда болған.

«Яғни бұл үйлер жылуды қабылдай алмай отыр. Өз кезегінде жылу желісінде ыстық су бар. Бірақ аталған үйлердегі ішкі жылу жүйесін қалпына келтіруміз керек. Сол үшін қосымша 23 бриагада тағы басқа қалалардан көмекке келді. Сонымен қатар жылусыз отырған тұрғындарға 1200-ге жуық жылыту құралдары жеткізу ұйымдастырылды», - деді облыс әкімі.