01 ақп, 2021 сағат 07:25

Павлодар облысына коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы партиясы жеткізілді

Павлодар облысына COVID-19 вакцинасының алғашқы партиясы келіп түсті. Бұл туралы бүгін Рavlodarnews.kz сайты хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, Павлодар облысына COVID-19-ға қарсы вакцинаның барлығы 80 мың дозасы бөлінді. 

«Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) препаратының алғашқы – 1 200 дозасы 31 қаңтарда аймаққа жеткізіліп, Ғ.Сұлтанов атыңдағы Павлодар облыстық аурухананың қоймасына жеткізілді. Ғ.Сұлтанов атыңдағы Павлодар облыстық аурухана көлемі 2,2 текше метр мұздатқышпен жабдықталған. Жақын арада қоймаға 1,2 текше метр болатын тағы үш арнайы мұздатқыш қойылады. Қажет болған жағдайда медицина қызметкерлері облыстық қан орталығының қоймасын іске қосады, онда 0,48 текше метр мұздатқыш орнатылған», - делінген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында. 

Қалалар мен аудандардағы 31 емханаға препараттар термоконтейнерлерде жеткізілетін болады. 

Вакциналау үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде барлығы 107 егу кабинеті дайындалған.

Егу науқанын сапалы өткізу үшін 1125 медицина қызметкері дайындық курсынан өтті. Вакцинация ерікті негізде жүргізіледі.