видеодан алынған кадр
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"15 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында кәсіпкерден пара алды деген күдікпен жолдарды жөндеудегі мемлекеттік сатып алу шартындағы орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін Павлодар қаласы әкімінің орынбасарын ұстады", - делінген хабарламада.
Бұл іс бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Павлодардағы ПБ УҰИ-на қамауға алынған.
"ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі", - делінген агенттік хабарламасында.