30 мау, 2025 сағат 15:12

Парламент депутаттары каникулға кетті

Фото: ашық дереккөз

Депуттаттар парламенттің сегізінші шақырылымының үшінші сессиясын аяқтап, каникулға кетті, деп хабарлайды Ult.kz.

Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың жұмысын қорытындылады. Оның айтуынша, депутаттар заң мен тәртіп үстемдігін орнату бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, президенттің заң мен тәртіп – мемлекеттік құрылыстың басты қағидатын сессия бойы берік ұстанды.

"Осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді. Біз әрдайым мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеміз. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. Парламенттің күнделікті жұмысы ең әуелі осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған. Сессия басталарда мемлекет басшысы өз жолдауында алға қойған басты міндеттер біздің жұмысымызға серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды", – деді Қошанов.


Сессия барысында парламент қарауында 158 заң жобасы болса, оның ішінде 89 заң қабылданған.  Олардың ішінде – амнистия туралы заң, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң, Қылмыстық кодекске, сондай-ақ Салық, Бюджет және Су кодекстеріне енгізілген түзетулер бар.

"Енді палата мүшелері заң жобаларын қарап қана қоймай, бұрын қабылданған заңдар жергілікті жерлерде қалай жүзеге асып жатқанын да зерттеп-зерделейді", – деді мәжіліс төрағасы.


Келесі сессияда депутаттар Құрылыс кодексі, құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктер мен банк қызметі туралы және басқа да заң жобаларын қарауға тиіс.

Каникул кезінде депутаттар өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткізеді.