20 мам, 2021 сағат 14:23

Парламент бюллетеньдерге «барлығына қарсымын» бағанын бекітті


Мәжіліс пен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендейді. Осы орайда сенатор Ләззәт Сүлеймен бұл нормаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

«Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауда саяси партиялардың өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету саяси бәсекелестікті одан әрі дамытуға бағытталып отыр. Әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіш 1%-дан 10%-ға дейін. Көптеген елдерде пропорционалды жүйе бойынша сайлау шегі 5% деңгейінде қалыптасты», - деді Л. Сүлеймен. 

Оның айтуынша, «барлығына қарсы» деген баған Ресей Федерациясының, Австралияның, Испанияның, Үндістанның және бірқатар еуропа елдерінің бюллетеньдерінде бар. 

«Осы бағанды енгізу арқылы біз таңдау еркіндігін қамтамасыз етеміз. Бұл да маңызды норма», - деді сенатор.

Енгізіліп отырған жаңашылдықтар:

– азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асыруда белсенділікті арттыруға;

– жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттіліктерін және проблемаларын нақты шешуге, яғни «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.