- Пәкістанның Гужрат қаласында виза тәртібін бұзғаны үшін екі қазақстандық ұсталды, деп хабарлайды Dawn.
Олар «Таблиг Марказы» (Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» радикалды діни қозғалысы жақтаушыларының оқу ғимараты) семинариясында білім алған.
БАҚ мәліметтері бойынша, «Таблиг марказы» семинариясында заңсыз тұрған Азия және Африка елдерінен келген 24 шетелдік студент көші-қон қызметінен ескерту алған соң Гужрат түрмесіне жіберілді.
Гужрат полициясының өкілі Мехар Атиктің айтуынша, бірнеше студенттің виза мерзімі 2015 жылдың желтоқсан айында аяқталған, ал кейбірі қандай да бір визасыз тұрып келген.
Ұсталған студенттердің бір бөлігі өздерінің елде болуын негіздейтін құқықтық құжат көрсете алмаған. Сәйкесінше шетелдіктер туралы заңды бұзды деп танылды.
Мехар Атиктің хабарлауынша, полиция құқық бұзушы студенттерді тұтқындау туралы өтінім жазды. Гужрат соты өтінімді қанағаттандырып, мән-жай анықталғанша оларды уақытша қамау туралы шешім шығарды.
Екі қазақстандықтан басқа Пәкістанда Суданның 6 азаматы, Қытайдың - 5, Индонезияның - 4, Тайландтың - 2, Филиппиннің - 2 және Майлайзияның бір азаматы ұсталды, деп жазды БАҚ.
Айта кетейік, Қазақстанда «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйым деп танылған және ел аумағында оның қызметіне тыйым салынған.
Француздық басылымның бағалауынша, исламшы экстремистердің 80 пайызға жуығы бұл ұйымның қатарынан шыққан. «Таблиғи жамағатқа» жабықтық тән. Ұйымның орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан. Ал оның бағдарламасы мен мақсаты қозғалыс көшбасшыларының шағын ортасына ғана белгілі.
Аталмыш Ұйым жақтастарының қатарына өткеннен кейін жаңа мүшеге өзі тұратын жерде, одан әрі өзге географиялық жерлерде бірнеше уағыз-насихат жүргізу ұсынылады. Бұдан кейін жаңа мүшеге Пәкістанда оқу орнында діни білім алу ұсынылады. Курсты аяқтағаннан кейін тыңдаушылар жабық оқу орындарында одан әрі білімдерін жалғастырады.
ҚазАқпарат