Фото: АР
Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі (ҰҚК) ел аумағына жасалған үнді соққыларына жауап беру үшін Қарулы күштерге "әрекет еркіндігін" берді, деп хабарлайды Samaa TV.
Тиісті шешім 7 мамырда премьер-министр Шахбаз Шарифтің резиденциясында өткен шұғыл ҰҚК отырысында қабылданды. Жиынға қатысушылар БҰҰ Жарғысының 51-бабына сілтеме жасап, елдің өзін-өзі қорғау құқығын негіз етіп көрсетті.
"Пәкістан кез келген уақытта, кез келген жерде және кез келген тәсілмен жауап беру құқығын сақтайды", – деп мәлімдеді ҰҚК.
Сонымен қатар, кеңес елдің аймақта бейбітшілік орнатуға ұмтылатынын, алайда егемендік пен ұлттық абырой мәселесінде ешқандай ымыраға келмейтінін баса айтты.
Айта кетейік, 6 мамырда Үндістан "Синдур" әскери операциясы басталғанын жариялады. Оның аясында Үндістан Қарулы күштері Пәкістан мен оған тиесілі Кашмир аумағындағы тоғыз "террористік инфрақұрылым" нысандарына зымыран соққыларын жасады.
Пәкістанның мәліметінше, соққылар салдарынан кемінде 26 адам қаза тапты. Ел билігі шабуылдардың ешқайсысы әскери базаларға бағытталмағанын алға тартты. Сондай-ақ, Пәкістан армиясы Үнді әуе күштерінің бес ұшағын атып түсіргенін хабарлады. Алайда Үндістан билігі бұл ақпаратты растамады.