Фото: ozen.kz
ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаментімен «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директорының бұрынғы орынбасары Е. Қарамырзаев (қазіргі таңда "Қаражанбасмұнай" АҚ Бас директорының орынбасары) ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол «КЕЗБИ» ЖШС-нің және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдікке ілінген.
"Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған. Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ні компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті.
Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол «КЕЗБИ» ЖШС-нің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды" - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабының негізінде өзге ақпарат жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.