11 қаз, 2019 сағат 11:14

Өзбекстанмен шекаралас ауданда айналма жол салынады

Түркістан облысындағы Өзбекстанмен шекаралас Келес ауданында айналма жол салынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аудан әкімдігінің мәліметінше, Абай ауылынан өтетінін Республикалық мағызы бар А-15 автожолы маңындағы кептеліс бүгінгі таңда бірқатар қолайсыздықтар туғызуда. Халық саны 600 мыңға жуық көршілес аудандар үшін де үлкен мәселелерінің бірі болып тұр.

Аталған проблеманы шешу үшін жол жиегі кеңейтіліп, бағдаршам орнатылғанымен нәтиже шықпады. Себебі, аталған жол тәулігіне 3 мың – 5 мың көлік өтуге ғана арналып соғылған. Ал, бүгінгі күні мұнда күніне 27 – 30 мың көлік өтуде. Ендігі жерде республикалық трасса жанынан аудан орталығына кіретін жанама жол салу үшін жұмыстар жүргізілуде. Тиісінше аталған құрылыс басты трассаға аудан ішінен тікелей көліктер қосылмай, жанама жол арқылы автобекет маңынан өте қосылады.

Сонымен қатар аудан орталығынан Республикалық трассаға қосылатын 6 көшеде де осы жанама жолға қосылып, тиісті мекеніне кептеліссіз жетеді. Жол құрылысы үшін тиісті жерді қарау барысында, жол жиегіне түскен кәсіпкерлік нысандарды көшіру жұмыстары басты назарға алынған. Тиісті заңнамаға сәйкес 14 кәсіпкерлік құрылыс нысаны басқа аумаққа көшірілетін болды.

Бұл ретте әкімдік пен аудандық тиісті аумақтық мәслихат депутаттары, аудандық «Nur Otan» париясы тарапынан алдын ала ескерту беріліп, кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылған. Нәтижесінде заңсыз салынған құрылыс нысандары бұзылып, қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілуде.