23 қар, 2022 сағат 15:16

Өзбекстанға апаратын "Қапланбек" өткізу бекеті жабылады – комитет


1 желтоқсаннан бастап Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында орналасқан "Қапланбек" өткізу бекеті жабылады. Нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жаңа құрал-жабдықтар орнатылады. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгінде шекарадағы 9 автомобиль және 1 теміржол өткізу бекетінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның бірі - "Қапланбек" бекеті. Әрбіреуіне, шамамен, 15 млрд теңге жұмсалады. Жартысы құрал-жабдықтарға, қалғаны құрылыс жұмыстарына кетеді.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямовтың айтуынша, бір өткізу бекетін толығымен жаңғыртуға 19 ай кетеді. Барлық жұмыстар 2024 жылда аяқталады деген жоспар бар.

"Біз 1 желтоқсаннан бастап "Қапланбек" өткізу бекетін жабуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде толығымен жаңғырту жұмыстары атқарылады. Барлық мекемеге тиісті хаттар жіберілді. Көлік жүргізушілерін де хабардар етіп, Қазығұрт, Атамекен және Қонысбаев сияқты бекеттер арқылы өтуге кеңес беріп жатырмыз", - деді Слямов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін шекарадағы өткізу бекетінен өту үшін көлік жүргізуші бәріне кіріп шығуға міндетті. Алдымен шекарадағы бақылаудан өтеді. Одан кейін кедендік тексеріс бар.

Барлығына кіріп, белгі қойдырту қажет. Ал бекетті толығымен жаңартқаннан кейін көлік тексерістен тоқтамай өтеді. Көлік жүргізушісі кабинадан шықпайды.