13 шіл, 2022 сағат 23:49

Өзбекстандағы мұражайлардың бірінен 70 жалған экспонат анықталды


Өзбекстанның Фергана облысындағы Тарих және мәдениет мұражайында теңдессіз 70 экспонаттың жалған жәдігерлермен алмастырылғаны анықталды. Тарихи мұраның құны 2,5 млрд өзбек сомы немесе 230 мың долларға бағаланып отыр.

Бұл туралы Өзбекстанның Мәдени мұра агенттігінен мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі. 

«Арнайы жұмыс тобы мұражай қорын зерттеу барысында құны 2,5 млрд өзбек сомын құрайтын теңдессіз 70 экспонаттың (56-сы бейнелеу өнерінің туындылары) жалған екенін анықтады. Сонымен қатар мұражайда тұруы тиіс 1 бейнелеу өнерінің туындысы мен 1 графикалық шығарма жоқ болып шықты», - делінген ведомствоның хабарламасында. 

Айта кетерлігі, 2011 жылы Фергана облысының Ішкі істер басқармасына 21 экспонат тапсырған. 2016 және 2020 жылдар аралығында олардың тек 14-і ғана қайтарылған. Қазіргі таңда Фергана облысының Ішкі істер басқармасында мұндай құндылықтардың жоқ екені анықталып отыр. 

Агенттік өкілдері сондай-ақ тексеру барысында мұражайды күрделі жөндеуге бөлінген 3,1 млрд өзбек сомының 1,4 млрд сомы ұрланғаны анықталғанын хабарлады. 

Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

Бұған дейін Өзбекстан мұражайларынан 30 жылда 3 мыңнан астам теңдессіз мәдени құндылықтар жоғалғаны хабарланған болатын. Келтірілген шығын көлемі 4 трлн сом немесе 357 млн долларды құрайды. 

Мұражайдан ұрланған құндылықтардың осыншама зор көлемде екенін ескере отырып, Өзбекстан президенті Бас прокуратура, Туризм және мәдени мұра министрлігі басшылық ететін комиссияға Өзбекстан мұражайларындағы жәдігерлердің барлығын түгендеп, жыл соңына дейін олардың электронды базасын жасауды тапсырды.