27 қар, 2020 сағат 08:43

Өз мемлекетін өгей етіп көрсетуді көздейтін антагонистік көзқарастармен келісуге болмайды - Мемлекеттік хатшы

Өз мемлекетін өгей етіп көрсетуді көздейтін антагонистік көзқарастармен тіптен де келісуге болмайды. Бұл туралы «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» - 30 жылдық серіктестік пен даму» атты IX Азаматтық форумның жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзі таңдаған қоғамда өмір сүре отырып, өз мемлекетін өгей етіп көрсетуді көздейтін антагонистік көзқарастармен тіптен келісуге болмайды. Сол себепті біздің басты ұстанымымыз азамат, азаматтық қоғам, мемлекет деген үштік ұғыммен үйлесіп жатуы тиіс. Біздің пайымдауымызша, аталған үштіктің әрқайсы - бір-бірімен бітіспес жау емес, керісінше бірліктің рухани нәрімен сусынданған біртұтас ағза. Яғни, мемлекет дегеніміз ел азаматтарының еркін ерік-жігерінің арқасында еңсе тіктеген конституциялық деңгедегі қоғамдық келісімнің мәуелі жемісі, мәртебелі биігі», - деді Қырымбек Көшербаев. 

Сондықтан да Мемлекеттік хатшы олардың өзара жауапкершілігі мен өзара байланысының тереңдеуі ел дамуының да берекеті болатындығын баса айтты. 

«Дәлірек айтсақ, қазіргі таңда жауапты қызмет, азамат өзінің егемен еліне еңбек сіңіріп, отандастарының да заңды құқығы мен еркіндігінің және мүддесі жолында қызмет ететін жауапты азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі болып табылады. Сол себепті жоғарыда айтылған үштіктің - жауапты азамат, жауапты азаматтық қоғам, жауапты мемлекет деген жаңа формулаға ұласуы ел дамуында ерекше рөл атқармақ», - деді ол.