Бір аптаның мұғдарында екі бірдей қызық оқиға болды. Екеуі де тілге байланысты. Жалпы, Қазақстанның ішкі саясатындағы мәселенің көбі осы тіл төңірегінде. Тіл болғанда да мемлекеттік тіл. Тәуелсіздігі мойындалмаған Республика құсап, біздің қазақ тілі де мойындалмай-ақ қойды-ау бір...
Қарқаралыға жол жүрмек болып, бензин құю бекетіне бардым. Кіре сап түрі қазаққа ұқсайтын қызға «толтыра құйыңыз» дедік. «Чего, чего» деген жауап келді. «Чегоңнан да бір кило» деп жібере жаздап, жаңағы айтқанымызды орысша айтып бердік. Құп алды. Касса маңында үш қыз тұр. Сосын ақырындап орысша жорғалатып, ең құрымағанда үш адамның бірі қазақша білуі керек қой. Болмаса, біреуіңіз ауысып қазақша білетін біреуді қойыңыздар. Менің әкем орысша сөйлей алмайды. Ол кісі келсе жағдайы не болмақ? Менің қаншама қандасым бар. Қытайдан, Моңғолиядан келген. Солар кірсе қалай қызмет етесіздер? Осыны басшылықтарыңызға айтыңыздар. Қазақша ағып тұрған демейін, ең құрымағанда түсінетін біреу қойсын» дедім. Ешкіммен жанжалдасу ойда жоқ. Сосын ана қыздар әуелде айыптарын мойындағандай монтансып қалған. Біраздан кейін қоздаған шаладай түтіндей бастады. Қызды қыздымен «қазақ тілін білуге міндетті емеспіз» деді қараторысы. Мен кетуге айналғам. Кілт кідірдім. Асқынған эгоизммен һәм надандықпен айтылған «мен міндетті емеспін» деген сөз кеудеге кірш ете қалды. «Сонда мен міндеттімін бе, орысша сөйлеуге? Әлде қандас бауырларым ба?» деп өзіне қарсы сауал қойдым. (Расымен осы сауал мені қатты мазалайды. Өмірде өзі әділдік бар ма? Бар болса өз жерімде тұрып, өзгенің тілін меңгеруге міндеттілігім соның қай тармағына жатады?) «Сіз ұлтараздық туғызып тұрсыз» деді сасқаннан. «Бұл қандай ұлтараздық? Мен орыс жаман дедім бе? Кәріс жаман дедім бе?» дедім. Олар онымен тоқтаған жоқ. Сөйлеп жатты, сөйлеп жатты. Әлбетте, қайтадан тілі шығып, қазақша сөйлеп кеткен жоқ.
Осы ұлтараздық туралы заңды қайта керек-ау. Қазір шетел баспасөзі (оның ішінде Ресей әсіресе) Қазақстандағы ұлтшылдық туралы жиі айта бастады. Осыған «ұлтараздық», «Ассамблея» деп, өзге ұлтты шалдың баласындай (астарсыз) еркелететініміз себеп секілді. Соның фонында кішігірім оқиғалардың өзі бадырайып көрінеді. Бадырайтып көрсетеді. Әдептілігіңді әлсіздікке балайды. Керек десе, осы ұлтараздық жайлы бапты түбегейлі құртсын. Егер бұл бап құрымаса, ұлтараздық оқиғасы да тоқтамайды. Себебі, Ассамблеяның ішінен кіші отан құрып алғандар ешқашан қазақыланбайды.
Екінші оқиға Kaspi bankпен байланысты. Қарқаралы жаққа сапарлап кеткендіктен несиенің межелі мерзімі өтіп кетіпті. Мұндай жағдайда не болатынын, кім хабарласатынын әр қазақ жақсы біледі. Қоңырау шалды да, орысша сөйлей бастады. «Мен орысша білмеймін» деп келте қайырдым. Оларда құқық бар екен де, мен де жоқ. Оларға «болады», маған «болмайды». Неге? Бұл жолы мен жалтарма жауаппен болса да қазақша сөйлеу құқығымды пайдаландым. Телефонның ар жағындағы дауыс бірдемелерін үзбей айтумен болды. «Мен орысша білмеймін» деуден таңғам жоқ. Екі керең керілдескендей болдық та қалдық. Сосын біраздан кейін барып, «жақсы, сізге басқа менеджер хабарласады» деді күрсініп. Әлбетте, орыс тілінде. Қазақ тілін білетін қызметкерге бір сәтте болса сұраныс арттырдым-ау деп жымидым. Ал Қазақстандағы барлық қандас өз құқығын талап етсе не болмақ?
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ