Фото: gov.kz
Өткен жылғы Президент жолдауы қалай жүзеге асты? Президент жолдауының ел дамуына, бағыт-бағдар алуына әсері қандай? Алда болатын Президент жоладуында қандай өзекті мәселелер қозғалуы тиіс? Осы сұрақтар төңірегінде Ult.kz тілшісі саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтен сұхбат алған еді.
Саясаттанушының айтуынша былтырғы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты бағыттары заң үстемдігін қамтамасыз ету, орнықты экономикалық даму және қоғамдық көзқарас пен сенімді арттыру сияқты принциптерге негізделген болатын, яғни Президент жолдау барысында алдағы жылдың экономикалық‒әлеуметтік, саяси күн тәртібін белгілеп, нақты ауқымды реформалар мен бастамалар ұсынған. Сондықтан бұл жерде басты мәселе ‒ бұл жолдауында Президент жаңа экономикалық бағытты іске асыруға басымдық берген екінші жолдауы деп айтуға болады.
“Оған дейін Президент 2023 жылғы жолдауында да экономикалық мәселелерге ден қойған болатын. Енді 2024 жылда да салық базасын кеңейту, тікелей шетел инвестицияларын тарту, шағын және орта бизнестің өсуіне жағдай жасау, өңдеу өнеркәсібін дамыту сияқты негізгі басымдықтар аталған”, ‒ дейді ол.
Жолдаудың жүзеге асыруына тоқталған Майгельдинов:
“Жолдаудағы экономикалық өсімді жеделдету мақсатында ақша, несие, бюджет саясатын арттыру қажеттілігі айтылды. Оның нәтижесінде қазіргі таңда салық кодексі қабылданды, инвестиция тарту мәселесі бойынша Қазақстанда 2024 жылдың өзінде 15,7 млрд. теңге тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Мысалы алдыңғы жылмен салыстырған кезде бірнеше пайызға артық”, ‒ дейді саясаттанушы.
Одан кейін, экономиканы әртараптандыру бағытында да инновациялық технологияны дамытуда басты рөл атқарғанын айта кету керек деп отыр ол.
“Өйткені біз байқап отырғанымыздай биылғы жылдың өзінде үкімет жергілікті өнімге кепілдендірілген нарық қалыптастыру үшін 4800-ден астам тауар позициясын мемлекеттік сатыпалуда ұлттық режимнен алып тастауды жүзеге асырды. Бұл не деген сөз? Нәтижесінде биыл реттелетін сатып алулар аясында құны 300 млрд. теңге болатындай 106 мыңнан астам келісімшарт жасалғаны туралы есеп берді. Мұндай шаралар негізі жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттырып, өнеркәсіпті әртараптандыруға түрлі себін тигізетіні түсінікті. Шағын және орта бизнесті қолдау мәселесінде де биылғы жылдың өзінде өсім бар екенін көріп отырмыз. Бұл ‒ әртараптандыру саясатынының нәтижесі деп бағалауға болады”, ‒ дейді Майгельдинов.
Қазбек Майгельдиновтің пікірінше қаржы секторында да нақты қадамдар жасалды. Одан кейін әлеуметтік және цифрлық бастамалар жүзеге асырылды.
“Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы аясында жасанды интеллекті дамыту жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру қолға алынып жатыр қазіргі таңда. Мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электронды форматқа ауысты. Мұның барлығы да жақсы көрсеткіш деп ойлаймын”, ‒ дейді сарапшы.
Білім саласы және жастар саясаты
“Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылды, оны біз көріп отырмыз, деген саясаттанушы тағы бірқатар мәселелерге тоқталды.
“Одан кейін биылғы жылды “жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялап, техникалық-кәсіптік білімге көңіл бөлінді.
Одан басқа “Ұлттық қор ‒ балаларға” атты бастамасы жүзеге асып, 7 млн-нан астам қазақстандық балалаға шот ашылып, оған Ұлттық қордан ақша бөлініп жатыр. Оны Kaspi, Halyk банк қосымшалары арқылы көріп, қарап отыруға да мүмкіндік бар.
Одан кейін заңдылық, тәртіп, “қауіпсіз Қазақстан” бағытында қазір 2024-2025 жылдары заңнамалық өзгерістерді де байқап отырмыз. Мысалы жақында сталкингтің өзі қылмыстық кодекске енгізілген болатын. Адамдардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында осындай қадамдар жасалды”, ‒ деп отыр Қ. Майгельдинов.
Саясаттанушының пікірінше сыртқы саясатта да белсенді жұмыс жасалынып жатыр. Қазақстанның халықаралық аренада қазіргі таңдағы рөлі артып отыр.
Ол алдағы жолдауда экономикалық тұрақтылық пен инфляция мәселесі басты назарда болуы керек деп есептейді.
“Өйткені жаңа жолдауда Үкіметтің ақша-несие және бюджет саясатындағы теңгерімді қамтамасыз ету шаралары нақты көрсетілуі керек. Одан кейін Ұлттық қордан берілетін транферттерді тиімді пайдалану мәселесі, бюджет тапшылығын төмендету және мемлекеттік шығындардың тимділігін арттыру мәселесі қарастырылуы қажет. Одан кейін халық үшін ең сезімтал мәселе ‒ инфляцияның өсуі мен азық-түлік қымбатшылығы. Алдағы жолдауда баға бақылауын күшейту, ол үшін ауыл шаруашылығын қолдау, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде инфляцияны ауыздықтау шаралары айтылуы қажет”, ‒ дейді ол.
Қаржы секторы мен банк жүйесі де маңызды
“Өйткені банк жүйесін реформалау тақырыбы қазіргі таңда өте маңызды. Екінші деңгейлі банктердің нақты экономикаға қатыстығы, пайыздық мөлшерлемелерді оңтайландыру сияқты мәселелер қажет. Қазіргі біздің несие алып отырған халықтың саны артып отыр. Осы мәселеге баса назар аудару керек сияқты. Тұтынушылық несиеге батып қалғаны ‒ өте үлкен әлеуметтік проблема. Өйткені оны бұған дейін де айтқан болатын. Менің ойымша жаңа жолдауда осы азаматтарды шамадан тыс несиеден қорғау, қаржылық сауаттылықты арттыру сияқты және несиелеудің жауапты шараларын енгізу шаралары айтылуы мүмкін”, ‒ деп айтты саясаттанушы.
Одан кейінгі мәселе ‒ энергетикалық қауіпсіздік және инфрақұрылым
“Президент айтып отыр, ұлттық қауіпсіздігімізге де әсер ететін проблемалардың бірі. Әсіресе соңғы кездегі энергия жүйесіндегі түрлі ақаулар, жарық сөніп қалу, жылу электр орталықтарындағы апаттар, тіпті атом электр станциясын салайық деп жатырмыз, ол да энергетикалық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан бұл жерде менің ойымша, алдағы жолдауда энергия инфрақұрылымына инвестиция тарту сияқты мәселелер қарастырылуы мүмкін.
Одан бөлек кез келген жолдаудың басты назары әлеуметтік қорғау мен адам капиталына арналғаны дұрыс. Мысалы жайлы мектеп деген бағдарламалардың жалғасы ретінде, енді күтілетін мәселе ‒ денсаулық сақтау саласындағы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қайта жүктеу мәселелері қаралуы керек. Әсіресе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесінде жаңа жүйе ұсыну. Осылайша халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрігер көмегінің қолжетімділігінен бастап, көңіл аударылуы керек”, ‒ дейді ол.
Қазбек Майгельдинов зейнетақы, жалақы, жәрдемақы мөлшерін өсіру керек деп есептейді. Саяси жүйені одан әрі демократияландыру мәселесін де қозғады.
“Бұл көптен күткен мәселе деп ойлаймын. Былтырғы жолдауларында ең төменгі жалақы мөлшерлерін көтеру сияқты қадамдар жасалды, бірақ ол әлі аздық ететін сияқты. Одан кейін тағы бір мәселе ‒ экология мәселесі. Өйткені экологиялық апаттар, қуаңшылық болды, орман өрті, су тасқыны болды, түрлді апаттар болды ғой. Сондықтан осы мәселелерді де табиғатты сақтау, жасыл экономикаға көшу мәселелері көрсетілуі керек. Яғни су ресурстарын үнемді пайдалану, ирригация жүйелерін жаңарту, әсіресе Каспий теңізігің экожүйесін қорғау, Балқаш та бар бұл жерде... Бұл мәселелерді де назардан тыс қалдырмау керек.
Саяси жүйені одан әрі демократияландыру мәселесін де қарау керек. Оның ішінде жаңа ұсыныстарды күтеміз, өзін өзі басқаруды күшейту бойынша, одан кейін құқық қорғауды реформалау бойынша. Президенттің бір сөзі бар, “егер мемлекеттің дамуын талап етсе, онда реформалар үзіліссіз жалғасады” деген. Сондықтан осы қағидаға сәйкес, осы елде саяси өзгерістер жалғастыру бойынша бастамалар айтылатын болады. Осы алда болатын Президент жолдауында бастысы ‒ экономиканы тұрақтандыру мен әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздік, әлеуметтік саланы нығайту, саяси жаңғыру сияқты өзекті тақырыптар кеңінен қамтылатын болады”, ‒ деп айтты саясаттанушы.
