
Солтүстік Қазақстан облысында өткен демалыс күндері қатты боран мен көктайғақтың салдарынан патрульді полицейлер мен құтқарушылар дамыл көреді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты демалыс күндері республикалық маңызы бар 5 бағыт бойынша және барлық облыстық маңыздағы автожолдар жабылды.
Дауылды ескерту жөнінде sms-хабарлама жіберіліп, әлеуметтік желілерде жарияланған.
Алайда, соған қарамастан осы күндері патруль полицейлері мен құтқарушылар 22 көлікті қар құрсауынан шығарып алды.
«Мамлютка - Қостанай» бағытында кезекшілікте жүрген тәртіп сақшылары жол жиегіне түсіп кеткен «Lada Kalina» және «ВАЗ 2110» автокөліктерін көреді.
Қатты жел мен көктайғақтан жүргізушілер рөлге ие бола алмай қалып, жолдан шығып кетіпті.
Жүргізушілердің де, жолаушылардың да дін аман екенін көрген патруль полицейлері «Қазавтодор» ЖШС-не хабарласып, олар ауыр жүк көлігін көмекке жіберді.
Екі машина да жолға шығып, сапарын жалғастырды.
«Жолдар жабылып, көліктің жүруіне шектеу қойылғанымен жолға шыққандар болды. ТЖД мамандарымен бірге 22 көлікті және 62 адамды құтқардық. Кептелістер болмауы үшін 50-60 техникадан құралған автоколонналарды жасақтап, олар патрульді экипаждардың соңынан ілесіп жүріп отырды. Қазір күнделікті 15 экипаж облыс жолдарында жұмыс істейді. СҚО-ның ауа райы құбылмалы, сол себепті жолға шықпас бұрын синоптиктердің болжамына құлақ түруге кеңес береміз. Сондай-ақ алыс жолға шықпас бұрын техниканың жағдайын тексеріп алған жөн», - дейді СҚО ПД патрульді полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев.

