16 қыр, 2016 сағат 22:58

Отандық автоөнеркәсіптің оңтайлы қадамдары

Соңғы жылдары, атап айтқанда, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда автокөлік құрастыру ісінің жақсы жолға қойылғаны көпшілікке мәлім. Оған өздерінің өркенді өрісімен ауызға ілініп жүрген Өскемендегі «Азия-Авто» және Қостанайдағы «Сарыарқа АвтоПром» кәсіпорындарын мысал ретінде келтіруге болады. Осы аталған кәсіпорындарда оңтүстіккореялық, франциялық және ресейлік автокөліктердің жұртшылыққа жақсы танымал көптеген маркалары құрастырылуда. Олардың қатарында «Хюндай», «КИА», «Сан Енг» сияқты Оңтүстік Кореяның, «Пежо» сияқты Францияның, «Шкода» сияқты Чехияның, «Ивеко» сияқты Италияның машиналары мен Ресейдің «Лада» маркалы бірқатар автокөліктерін атауға болады. Жапония, Германия және Оңтүстік Корея экономикалары үшін осы модельдің қаншалықты тиімді болғанын ескере келгенде, Қазақстан үшін де бұл саланың пайдалы екендігіне қандай да бір күмән келтірудің еш қисыны жоқ.

Кейбір сарапшылардың пайымдау­ынша, елімізде автокөлік құрастыру жұмыстарының ойлағандай дәрежеде алға басуына Қазақстанның Кеден одағына мүше болуы да белгілі бір ықпалын тигізіп отыр. Өйткені, Ресей рыногының ашылуына байланысты Кеден одағының нормалары ішкі өндірісті 4 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туғызды. Сонымен бірге олар жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың да автокөлік шығарушылар үшін айтарлықтай еркіндіктер беретінін жоққа шығармайды. Әсіресе, Ресей мен Батыс елдері арасында санкциялық қарсы тұрушылықтар бе­лең алып тұрған қазіргідей кезеңде қазақ­стандық өндірісшілер үшін өз өнімдерін көрші ел рыногына өткізу мүмкіндігі бұрынғыдан бетер ұлғая түспек.

Осы орайда, бұл саладағы өндірістің өсу ырғағының күні кеше ғана жылына 110-120 пайыз құрағанын, соның арқасында десек болар, қазақстандық автоөнеркәсіп өмір сүре бастаған жылдар ішінде жалпы сомасы 650 мил­лиард теңге болатын 124 мың автомашина шығарылғанын еске сала кетудің де еш артықтығы жоқ. Бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы автокөлік өндірісінің көлемі бір пайыздық пунктке өсіп, 2010 жылғы 16 мил­лиард теңгеден 2015 жылы 80 мил­лиард теңгеге жету арқылы дағдарысты кезең­нің өзінде жеңіл өнеркәсіптегі көрсет­кіштен айтарлықтай асып түсті. Осы­лайша, өткен 2015 жылы Қазақстанда автокөліктер рыногы көлемі 7,4 млрд долларды, автокөліктер өндірісі көлемі 80 млрд долларды құрап, сала өндірісінің орташа өсу қарқыны 5 жылда 62 пайызға жетті. Ал ресми сауда құрылымындағы қазақстандық автокөліктер үлесі 2015 жылдың наурызындағы 11 пайыздан 2016 жылдың наурызында 24 пайызға дейін ұлғайды. Тікелей өндірістен және аралас салалардан түскен салықтар 2015 жылы 361 млн долларды құраса, осы сала бойынша 18 мыңдай адам жұмыспен қамтылды. Шикізат бағасының құлдырауына байланысты әлемдік экономикада орын алған кейбір қолайсыздықтардың Қазақстанда шығарылған автокөліктерді өткізу рыногына да белгілі бір дәрежеде қиындықтар туындатқаны рас. Дегенмен, мұндай қолайсыздықтарды уақытша пайда болған қиындықтар деп түсінер болсақ, автокөлікке деген сұраныстың көп ұзамай-ақ қайта қалпына келеріне үміт артуға болады. Оның үстіне, өзіміз келтірген сарапшылардың бағалауынша, егер Ресейде әрбір 1000 тұрғынға 230 автокөліктен келетін болса, бұл көрсеткіш Қазақстанда шамамен 150-ге тең екен. Ал бұл еліміздің ішкі рыногының өзінде отандық автокөліктерге деген сұраныс әзірге төмендей қоймайды дегенді білдіреді. Олай болса автокөлік өндірісін одан әрі арттыра түсуге деген қажеттілік өзінен-өзі көрініп тұр. Ол аз десеңіз, отандық кәсіпорындарда құрастырылған автокөліктерді сатып алушыларға жеңіл­дікпен несие беру бастамасы да осы сала өндірісін дамыту мақсатын көздейтін шаралардың қатарына жатады. Мысал үшін айтар болсақ, елімізде қолжетімді сегменттегі автомашиналардың 60 пайыз­ға жуығы несиеге сатылады екен.

Бүгінде Үкімет алдында аса маңызды міндет – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу міндеті тұр. Осы тұрғыда да автокөлік құрастыру ісінің үлкен маңызға ие болары сөзсіз. Соған орай қазіргі таңда Қостанайда трансұлттық машина құрастырушы компаниялардың қатысуымен индустриялық аймақ құру мәселесі де қарастырылуда. Соңғы алты жылдың ішінде мұнда жеті түрлі әлемдік брендтерден тұратын 25 мың машинаның құрастырылуы да жоғарыда айтылған әңгіменің қисынсыз емес екендігін айғақтай түседі.

Индустриялық аймақ құрылысын биылғы жылы бастап, келер жылы аяқтайтын боламыз, деген болатын облыс әкімі А.Мұхамбетов сол кездегі Ин­вес­тициялар және даму министрі Ә.Исе­кешевтің Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде. Сол жолы құрылыстың алдын ала есептелген құны­ның 2 миллиард теңгеден астам қар­жы құрайтындығы да айтылған. Сөз ретінде, Қостанай жерінде болған осынау әңгімеге ҚХР-дың СМС инвестициялық компаниясының вице-президенті Ли Гуо Хуаның да қатысып, өз ойын білдіргенін айта кеткен жөн.

– Біздің компания дәл осы Қостанайда даму болашағын көріп отыр, деген болатын шетелдік мейман сол жолғы сөйлеген сөзінде. – Бізде көптеген идеялар бар, солардың бірі – автожиынтықтар құ­рас­тыру. Біз қазірдің өзінде сіздерде жақсы дамып келе жатқан автокөлік өндірісіне инвестициялар салудамыз.

Егер қытайлық бизнесмен өз уәдесінде тұрар болса, оның өзі елімізде автомобиль құрастыру ісінің қарқын алуына барынша жағдай жасамақ.

Сонымен бірге, өткен көктемде «Азия-Авто» кәсіпорны өкілдерінің осы 2016 жылдан бастап ресейлік Лада Кали­на, Гранта және Приора тәрізді модель­дерді сериялық шығаруды қолға алатын­дықтарын айтқанын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл бағытта Өске­менде қазірдің өзінде нақтылы жұмыстар қолға алынып жатыр.

Биылғы жылы Қостанайда Қ.Саты­бал­дыұлына қарасты Alatau Invest Kapital қоры мен «СарыарқаАвтоПром» және «Аг­ро­машХолдинг» кәсіпорындарының өн­ді­рістік алаңдарына иелік ететін AllurGroup компаниясы арасында мемо­ран­думға қол қойылуы да біз қозғап отыр­ған тақырыптың ел өмірі үшін қан­шалықты маңызды екенін дәлелдесе керек.

– Біздің қор басшылығы қандай салаға инвестициялар салуға болатынын мұқият зерттей келіп, автокөлік құрылысын дұрыс деп тапты. Бұл шынымен де ең жаңа технологияларды қажет ететін сала. Осынау маңызды істе мемлекеттік органдардың және жекелеген адамдардың тарапынан қолдау табамыз деп ойлаймын. Бүкіл қазақстандықтардың келешекте осы жерден шығарылған автокөліктермен жүретін күні де алыс емес. Біз Қазақстанда шығарылатын автобөлшектер санын ұлғайтпақ ниеттеміз. Сол арқылы елде шы­ға­рылатын автокөліктердегі қазақстан­дық мазмұн да арта түсетін болады, – деп атап көрсеткен болатын жоғарыда аталған қордың әріптес басқарушысы Қ.Сатыбалдыұлы меморандумға қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Жергілікті кәсіпорын басшысы А.Лав­рентьевтің айтуынша, 2018 жылға қарай Қостанайдағы индустриялық аймақ шеңберінде жылына 40 мың автокөлік құрастыру жоспарланып отыр. Оның бір бөлігі экспортқа жөнелтілмек. Алға қойылған жоспарларды жүзеге асыру үшін 500-ден астам жаңа білікті жұмыс орындарын құру қажет болады.

Сөз соңында автокөлік құрастыру бағытындағы жоғарыда айтылған және басқа да жобаларды жүзеге асыру Қазақ­стан­ның тек Кеден одағы шеңберінде ғана емес, сонымен қатар, халықаралық ры­нокта да автокөлік жасау саласындағы бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға бағыт­талып отырғанын айрықша атап көрсету қажет.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»